ҚР Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясындағы жұмыстың үш негізгі бағыты туралы баяндады.
Олардың біріншісі – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту. Бұл бағытта желілерді жаңарту және заманауи кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу көзделген. Ұлттық жобаның электрондық платформасына жалпы сомасы шамамен 330 млрд теңгені құрайтын 105 жоба орналастырылды. Оның ішінде 20 жобаға қатысты жұмыстар жүргізілуде, 58 жоба іске асыруға дайын, 2 жоба бойынша тарифті айқындау жұмыстары аяқталу сатысында, ал 25 жоба қаралу үстінде. Сонымен қатар жалпы сипаттағы трансферттер аясында 209 млрд теңгеге 516 жоба қаржыландырылуда. Жалпы, шамамен 1,9 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңғырту және олардың тозу деңгейін 43%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары кәріз-тазарту құрылыстарын жаңартумен қатар жүргізіледі.
«Ұлттық жоба аясында жалпы құны 800 млрд теңгеден асатын 45 кәріз-тазарту құрылысы (КТҚ) жобасын іске асыру көзделген. Оның ішінде 7 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының, ал 38 жоба түрлі қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады. Соңғы 2 жылда 5 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта 3 қалада кәріз-тазарту құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде, оларды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Барлық жобалардың іске асырылуы министрліктің тұрақты бақылауында», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Ұлттық жобаны іске асыруға қазақстандық өндірушілерді барынша тарту арқылы отандық өндірісті дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға баса назар аударылды. Ерсайын Нағаспаев негізгі міндеттердің бірі елішілік құндылықты дамыту екенін атап өтті. Қазіргі таңда отандық өндірушілер Ұлттық жоба қажеттіліктерін өнімнің кең номенклатурасы бойынша қамтамасыз етуге дайын. Заңнамада және Ұлттық жобада қазақстандық өнімге басымдық беру қағидаты бекітілген. Сатып алуға тек Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер ғана қатыса алады. Бұл алгоритм өндірістік белгілерді нақты анықтауға және формалды өндірістерді алып тастауға мүмкіндік береді. Бүгінде Тізілімге Ұлттық жобаның әлеуетті қатысушылары саналатын шамамен 500 тауар өндіруші енгізілген.
Елімізде сатып алу қағидалары бекітіліп, электрондық платформада тиісті модуль әзірленді. Барлық мердігер ұйымдар сатып алуды осы платформа арқылы жүзеге асыруға міндетті. Бұл өндірушілердің барлық жобалар бойынша тауарларға қажеттілік туралы ақпаратты ашық түрде алуына және өндірістік қызметін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ережелер мен платформа арқылы отандық тауар өндірушілерге басымдық берілетін конкурс өткізу тәртібі бекітілді. Бұл Ұлттық жоба қаражатын мейілінше экономиканың нақты секторын қолдауға бағыттауға жол ашады. Бүгінде 27 жоба құрылыс-монтаждау жұмыстары кезеңінде. Материалдарды сатып алу қазақстандық өндірушілердің белсенді қатысуымен жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Мәселен, Семей қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау барысында 98 млн теңге сомасына құбыр өнімдері, бекіту арматурасы және темірбетон бұйымдары сатып алынды.
Ал Екібастұз қаласындағы жылу магистралін реконструкциялау жобасы бойынша 690 млн теңге сомасына отандық өндірістің құбырлары, бұрмалары, шарлы крандары (шүмектер), муфталары және инертті материалдары жеткізілді.
«Бұл мысалдар ЭКСЖ жобаларын іске асыру отандық өндірушілер жұмысын жандандырып, ел ішінде кооперациялық байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік беретінін нақты көрсетеді. Ұлттық жоба аясында 2026-2027 жылдары құрылыс материалдары мен жабдықтарына болжамды қажеттілік 900 млрд теңгеден астам болады. Қазақстандық тауар өндірушілер осы қажеттіліктің едәуір бөлігін, әсіресе кабель-өткізгіш, құбыр өнімдері, темірбетон бұйымдары және құбыр желілерінің арматурасы бойынша қамтамасыз етуге қауқарлы», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Министр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын автоматтандыру және цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, Бірыңғай төлем құжаты енгізілді. Қазіргі уақытта ол 38 қалада, 170 ауданда және 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекенде қолжетімді.
Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымды цифрлық тұрғыда жаңғырту, оның ішінде нысандарды автоматтандыру және «ақылды» есепке алу құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. 2029 жылға қарай республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы коммуналдық инфрақұрылымды есепке алу және бақылау құралдарымен толық жабдықтау жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы экожүйесінің негізгі элементі Smart Turmys платформасы болады. Осы жылдың IV тоқсанында оның алғашқы модульдерін тәжірибеден өткізу тұрғысынан пайдалануға беру жоспарланған. Платформа абоненттердің бірыңғай тізілімін жүргізуге, коммуналдық төлемдерді цифрлық есепке алуға және барлық коммуналдық ресурстарды тұтыну деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл саланың ашықтығын арттырып, шығындарды азайтуға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын одан әрі цифрлық тұрғыдан жаңғыртуға негіз болады.
«Министрлік мемлекеттік органдар, әкімдіктер және ұлттық компаниялармен бірлесіп, Ұлттық жоба аясындағы жұмыстардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді», — деп қорытындылады министр.