
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Армения Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондянмен кездесті.
Кездесу барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында өнеркәсіп саласы бойынша ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанның машина жасау, металлургия және жеңіл өнеркәсіп саласы өнімдерінің Армения нарығына экспортын ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан мен Арменияны өзара құрметке, сенімге және сындарлы саяси диалогқа негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстырады. Аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың арқасында Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Министр отандық өндірушілердің дайын өнім жеткізу көлемін, оның ішінде жоғары қуатты трансформаторлар, аккумуляторлар және басқа да өнімдер экспортын ұлғайтуға дайын екенін жеткізді. Өткен жылы екі ел арасындағы өнеркәсіп өнімдерінің тауар айналымы $67,9 млн-ды құрады. Оның $48 млн-ы Қазақстан Республикасының экспортына тиесілі болды.
Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мақсатында шикізатты терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және екі ел кәсіпорындары арасында орнықты өндірістік тізбектер қалыптастыру бағытында бірлескен өндірістер құру перспективалары қозғалды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты барлық перспективалы бағыттар бойынша одан әрі кеңейтуге жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екендерін растады.