Қазақстан Республикасы Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығындағы Металлург күні

Қазақстан Республикасы Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығындағы Металлург күні

Металлург күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығында (бұдан әрі – ҚР МШКҚӨҰО) кәсіби мерекеге арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

ҚР МШКҚӨҰО – еліміздің тау-кен металлургиясы саласының ғылыми-әдістемелік дамуын қамтамасыз ететін базалық ғылыми ұйым. Кәсіпорын 30 жылдан астам уақыт бойы отандық және шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар үшін ғылыми өнімдер әзірлеумен айналысып келеді.

ҚР МШКҚӨҰО ғалымдарының бағалы металдар саласын дамытуға қосқан үлесін асыра бағаламау мүмкін емес. Бағалы металдар мен мыс гидрометаллургиясы саласының жетекші маманы, химия ғылымдарының кандидаты Людмила Болотованың есімі алтын өндіру өнеркәсібінің тарихында алтын әріптермен жазылды. Оның әзірлемелері негізінде Ақбақай, Пустынное, Долинное («Алтыналмас АК» АҚ), Солтүстік және Оңтүстік Райгородок («RG Gold» ЖШС), Ақбейт («Aina Resources» АҚ) кен орындарының кендерін өңдейтін алтын өндіру фабрикалары салынды, бұл кәсіпорындардың жалпы жылдық алтын өндіру көлемі 12 тоннадан асады.

Қазақстандағы минералдық шикізатты байыту және өңдеу саласының жетекші мамандарының бірі Эра Лидің жетекшілігімен Гагаринское (Гагаринское кен орнындағы тау-кен байыту комбинаты), Құндызды («Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС), Қажықонған («Қазақмыс корпорациясы» ЖШС) кен орындарының кендерін өңдеуге арналған инновациялық технологиялар әзірленіп, өндірісте енгізілді. Әзірленген байыту технологиялары Ресейдегі (Рубцов байыту фабрикасы) және Қырғызстандағы (Бозымчак тау-кен байыту кешені) кәсіпорындарда да қолданылады.

«Қара, түсті және сирек металдар металлургиясы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты Лариса Кушакованың ғылыми зерттеулері Қазақстандағы 70-тен астам кен орнының кендерін өңдеу технологияларының негізін қалады. Зерттеу нәтижелері «Қазмырыш» ЖШС мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сияқты жетекші металлургиялық кәсіпорындарда енгізілді. Қазақстандық технологиялар бойынша Арменияда («Сагамар» ЖАҚ), Тәжікстанда («Анзоб» БК» ТА ЖШҚ) және Францияда (AXTER SAS) кәсіпорындар жұмыс істейді.

Аға буынның жолын жалғастырған жас ғылыми қызметкерлер де елеулі жетістіктерге жетуде. Солардың бірі – жоғары температуралық процестердің физикалық химиясы саласындағы белгілі ғалым-практик, профессор Әлібек Байсанов. Оның жетекшілігімен ферроқорытпа өндірудің заманауи технологиялары әзірленіп, өндіріске енгізілді. Ғалымдар ұжымы өндіріс мамандарымен бірлесіп Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохром өндіруге арналған аса қуатты тұрақты токты доғалы пештерді енгізуге ғылыми сүйемелдеу көрсетті. Әзірленген технология жылына 440 мың тоннаға дейін өнім өндіруге, хром кендерін өңдеу тиімділігін арттыруға, өндірістік шығындарды азайтуға және Қазақстан металлургиясының экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік берді.

Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында саланың дамуына елеулі үлес қосқан ҚР МШКҚӨҰО қызметкерлеріне ведомстволық наградалар мен ұйымның Құрмет грамоталары табыс етілді.

 «Металлург күні – елімізде кеңінен аталып өтетін кәсіби мерекелердің бірі. Себебі тау-кен металлургиясы саласы Қазақстан экономикасында жетекші орын алады. Бүгін біз металлургия саласына қатысы бар барлық мамандарға құрмет көрсетеміз. Олардың қатарында өндіріс қызметкерлері ғана емес, ғылым өкілдері де бар. Мемлекет бізден нақты практикалық нәтижелер күтеді. Біздің кәсіпорынның қызметі ғылым – тек жаңа білім ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар және олардың негізіндегі әзірлемелер екенін дәлелдейді. Бұл – жаңа зауыттар мен фабрикалар және күрделі әрі қайталама шикізаттың мыңдаған тоннасын қайта өңдеудеді қоса алғанда металдардың жаңа көлемдерін өндіру», – деді марапаттау рәсімінде бас директордың міндетін атқарушы Ербол Жақсылықов.