
Металлургия өнеркәсібі – ел экономикасы жүйесін құраушы негізгі салалардың бірі. Ол қара және түсті металлургияны, ферроқорытпа, асыл, сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіруді, сондай-ақ оларды терең өңдей отырып, өнім шығаруды қамтиды. Сала құрылыс, машина жасау, энергетика, көлік және қорғаныс-өнеркәсіп кешені сияқты маңызды бағыттарды негізгі материалдармен қамтамасыз етіп, экономиканың одан әрі дамуы мен әртараптандырылуына берік негіз қалайды.
Еліміздің өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің 40%-дан астамы металлургия саласына тиесілі. 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға өсіп, 16,2 трлн теңгеге жетті. Осылайша бұл көрсеткіш тау-кен өндіру саласының көлемінен асып түсті. Өткен жылы да өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі 13%-ды құраса, тау-кен өндіру саласының үлесі 11,9% болды.
Металлургия секторы шикізаттық емес экспорттың елеулі бөлігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өнеркәсібі әлеуетті өңірлердегі жұмыспен қамту ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Бүгінде Қазақстанда болат, ферроқорытпа, мыс, алюминий, мырыш және басқа да өнім түрлерін шығаратын 274 кәсіпорын жұмыс істейді. Саладағы негізгі өндіріс орындары Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау облыстарында орналасқан.
Тек өткен жылдың өзінде кәсіпорындар 19 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 1,2%-ға өсті, оның ішінде қара металлургия бойынша өсім 4,3%-ды құрады.
Металлургия саласының басты күші – адамдар. Бүгінде бұл кешен кәсіпорындарында 200 мыңнан астам маман еңбек етеді. Осынау еңбеккерердің білімі, тәжірибесі және кәсіби тұрғыдағы қарым-қабілеті саладағы жұмыстың тұрақты жүруін, өндірістің дамуын және озық технологиялар енгізілуін қамтамасыз етіп келеді.
Еліміздің барлық металлургтерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық, бақ-береке, еңбектеріне толайым табыс тілейміз! Ел металлургтері адал да қажырлы еңбегі және кәсіби жоғары деңгейі арқылы Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті мен экономикасының дамуына зор үлес қосып отыр.