
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кәсіби мереке қарсаңында «Qarmet» АҚ кәсіпорнында сала ардагерлері мен еңбеккерлерін құттықтады.
Министр Қазақстан металлургиясының стратегиялық маңызын атап өтті. 200 мыңнан астам адам еңбек ететін бұл сала ел экономикасының 8%-дан астамын қалыптастырады.
Металлургтер мен сала ардагерлері адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, және III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапатталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдымызға өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттыру және жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты міндеттер қойды. Саланың одан әрі дамуы кәсіби мамандарсыз мүмкін емес. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз және өз мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз барлық жетістіктердің негізі», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Жұмыс сапары барысында министр №8 және №9 кокс батареяларының, жылына 4 млн тонна ыстықтай илектелген рулон өнімін өндіруге қауқарлы жаңа құю-прокат кешенінің құрылысымен, сондай-ақ «Qarmet park» аумағын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша «Qarmet» АҚ-ның жаңғырту бағдарламасын уақытылы іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берілді.