Қуандық Қажкенов САМСЕ корпорациясы өкілдерімен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады

Қуандық Қажкенов САМСЕ корпорациясы өкілдерімен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Қытайдың САМСЕ инжиниринг корпорациясының өкілдерімен кездесті. Онда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.

Қытай делегациясының құрамында корпорацияның вице-президенті Лю Шэнчэн және аталған құрылымның Орталық Азия өңірі бойынша бас директоры Хань Сюэли болды.
Кездесуде САМСЕ өкілдері корпорацияның қызметі жөнінде баяндап, түрлі елдерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру нысандарын салу мен реконструкциялау саласындағы жобаларын таныстырды.

Кездесу барысында Қазақстанның коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрлік өкілдері Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба, сондай-ақ кәріздік тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу және реконструкциялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Басқосуда сондай-ақ Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов және «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шынғазиева қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.