Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында жалпы жиынтық көрсеткіш 9,8%-ды құрап, оң динамика қалыптасқанын баяндады.
Өндіріс көлемі машина жасау, химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салаларда артты.
«Өсімнің негізгі факторы – жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы. Жалпы құны 252 млрд теңгені құрайтын 74 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, жыл соңына дейін құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Министр металлургия өнеркәсібінде көрсеткіштер бес айдың қорытындысымен салыстырғанда 1,8%-ға жақсарып, өндіріс көлемі 97,3%-ды құрағанын баяндады. Кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара қабылданды. Соның нәтижесінде металлургия секторындағы кәсіпорындарға өңдеуші кәсіпорындар тарапынан мыс, мырыш және құрамында алтыны бар шикізат жеткізу көлемі ұлғайтылды.
Сондай-ақ мырыш концентратын жеткізу қайта жанданып, Ауғанстан мен Қырғызстаннан шикізат импорттау жөнінде келісімдер жасалды. Жоспарланған көрсеткіштерге қолданыстағы кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы қол жеткізу көзделіп отыр.
Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ әртүрлі жабдықтар мен тұрмыстық техникаларды өндірудің артуы есебінен 23,1%-ға өсті. Бұл өсім ішкі сұраныстың көбеюі мен инвестициялық жобалардың белсенді іске асырылуына байланысты.
Жеңіл өнеркәсіп өндірісі жарты жылда 94,8%-ға өсті. Тоқыма бұйымдары, киім-кешек, былғары және былғарыдан жасалған өнімдер өндірісі ұлғайды.
Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы, аммофос, каустикалық сода, аммиак селитрасы және сары фосфор өндірісінің артуы есебінен өндіріс көлемі 20,7%-ға артты.
Құрылыс материалдары өндірісінде тауарлық бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және құрастырмалы темірбетоннан жасалған құрылыс конструкцияларын өндіру көлемінің ұлғаюы нәтижесінде 14,1%-дық өсім қамтамасыз етілді.
І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 4,1 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға артты. Оң өсім еліміздің көптеген өңірлерінде байқалды. Ең жоғары өсім Ұлытау, Қызылорда және Павлодар облыстарында тіркелді.
Есепті кезеңде 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 7,9 млн шаршы метрді құраған. Осылайша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 6,7%-ға өсті. Өсім 19 өңірде тіркеліп, ең жоғары көрсеткіштер Жетісу және Алматы облыстарында байқалды.
«Министрлік жаңа өндіріс орындарын іске қосу, локализациялау деңгейін арттыру және өңірлердегі инвестициялық қызметті барынша ынталандыру арқылы өзіне тиісті салаларда тұрақты өсім қарқынын қамтамасыз ету ісін жалғастыра береді», – деп түйіндеді сөзін Ерсайын Нағаспаев.