Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Keidanren бизнес федерациясының өкілдерімен кездесті

Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Keidanren бизнес федерациясының өкілдерімен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Mitsui O.S.K. Lines компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Такеши Хашимото бастаған Жапонияның Keidanren бизнес федерациясының өкілдерімен келіссөз жүргізді.

Тараптар екі ел арасындағы өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сапар барысында қол қойылған 47 коммерциялық келісімнің тоғызы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қатысты. Жапондық бизнеспен жерде сирек кездесетін металдарды, жабдықтарды жеткізуді кеңейту, сондай-ақ өндіріске озық технологиялар мен шешімдерді енгізу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны шамамен $940 млн-ды құрайтын 17 жоба іске асырылуда, оның ішінде 10 жоба қазірдің өзінде пайдалануға берілді.

«Қазақстан Жапониямен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Кейінгі жылдары экономика, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастығымыз айтарлықтай нығайды. Қазіргі уақытта өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттары белсенді түрде пысықталуда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деген Ерсайын Нағаспаев Keidanren федерациясының мүшелерін биылғы желтоқсан айында Астанада өтетін Қазақстан-Жапония бірлескен комиссиясының 9-шы отырысына қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысында тараптар екі ел арасындағы өнеркәсіп, инвестиция және технологиялық ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға өзара қолдау көрсетісуге уағдаласты.