Ерсайын Нағаспаев Metlen Group компаниясының басшылығымен кездесті

Ерсайын Нағаспаев Metlen Group компаниясының басшылығымен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Metlen Group компаниясының басшылары – Константинос Бикас пен Джордж Митилинеоспен кездесті.

Кездесу барысында металдарды терең өңдеу саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Metlen Group – металлургия және энергетика салаларындағы әлемнің 40 елінде қызметін жүзеге асыратын жаһандық ауқымдағы компания. Metlen – Еуропадағы жетекші компаниялардың бірі әрі Еуропалық одақ аумағындағы алюминий өндірудің толық өндірістік циклін жүзеге асыратын жалғыз өндірістік кешенге иелік етеді.

«Қазақстан өнеркәсіптік жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар ұсынады. Оның ішінде өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндіктері мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті де бар. Ірі инвесторлар үшін Үкіметпен инвестициялар туралы келісім жасасу тетігін қоса алғанда, мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары қарастырылған. Сындарлы диалог орнатып, өзара тиімді келісімдерге қол жеткіземіз деп сенеміз», – деген Ерсайын Нағаспаев қазақстандық тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарымен өзара іс-қимылды жолға қою ісінде қолдау көрсетуге дайын екендерін атап өтті.

Кездесуде қалдықтарды қайта өңдеу және өндірістік қалдықтардан бағалы металдар алу саласы бойынша технологиялық тәжірибе алмасуға назар аударылды. Бұл циркулярлы экономиканы ілгерілетеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты дамытуға және жоғары технологиялық жобаларды бірлесіп іске асыруға өзара мүдделі екендерін растады.