«Жезқазғансирекмет» АҚ мен Maritime House Ltd. компаниясы арасында офтейк-келісімшартқа қол қойылды

«Жезқазғансирекмет» АҚ мен Maritime House Ltd. компаниясы арасында офтейк-келісімшартқа қол қойылды

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде «Жезқазғансирекмет» АҚ мен Ұлыбританияның Maritime House Ltd. компаниясы арасында құрамында рений бар шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды.

Құжатқа қол қою рәсімі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың қатысуымен өтті. Құны $107 млн-ды құрайтын және 5 жылға жасалған коммерциялық келісім қазақ-британ өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды.

Келісім Қарағанды облысының Саран қаласында қайталама шикізаттан металл рений өндіру жөніндегі ірі инвестициялық жобаны іске асыруға негіз қалайды. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі $30 млн-ды құрайды. Құжатта өндіріс қуаттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, оның ішінде тараптар арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселесі көзделген.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шикізатты терең өңдеуге, озық технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Қол қойылған келісім еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және әлемдік аса маңызды минералдар нарығындағы орнын нығайтуға бағытталған.