ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде SGS компаниясының делегациясымен кездесу өтті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде SGS компаниясының делегациясымен кездесу өтті

Сынақ жүргізу, инспекция, сертификаттау және зертханалық талдау саласындағы әлемдік көшбасшы SGS халықаралық компаниясының делегациясымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде кездесу өтті. Келіссөздерге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, SGS компаниясының металлургия және консалтинг жөніндегі вице-президенті Стивен Макки, SGS-ның геохимия жөніндегі жаһандық вице-президенті Эндрю Пикеринг, осы компанияның Қазақстан және Каспий өңірі бойынша басқарушы директоры Азер Маммадов, сондай-ақ «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басшылығы қатысты.

Кездесу барысында геология саласындағы, оның ішінде Астана геологиялық хабын дамыту аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанда зертханалық талдау мен техникалық сараптаманың халықаралық стандарттарын енгізуге және елдің минералдық-шикізат кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға назар аударылды.

Кездесу қорытындысында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мен SGS компаниясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат геология, зертханалық зерттеулер, тәжірибе алмасу және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу салаларындағы әріптестікті дамытуды көздейді.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша барлық перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растады.