Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторымен бірлесіп жүзеге асырылған тұрмыстық химия және косметикалық өнімдерді таңбалау және қадағалау жөніндегі пилоттық жобаны аяқтады.
Пилоттық жобаларды өткізу тауарларды цифрлық таңбалау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудың маңызды кезеңі болып табылады. Мұндай тәсіл реттеушілік шешімдер қабылданғанға дейін ұсынылып отырған тетіктердің техникалық тұрғыдан іске асырылу мүмкіндігін бағалауға, олардың өндірістік және логистикалық процестерге әсерін айқындауға, сондай-ақ бизнеспен бірлесіп жүйені енгізудің ең тиімді тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаға тауар өткізу тізбегінің әртүрлі буындарынан 20 ұйым қатысты. Олардың қатарында 7 отандық өндіруші, сондай-ақ импорттаушылар мен көтерме-бөлшек сауда өкілдері бар. Жоба аясында сәйкестендіру құралдарын енгізудің түрлі нұсқаларын сынақтан өткізуге және оларды қолданыстағы өндіріс пен өнім айналымы жағдайында қолдану мүмкіндігін бағалауға мүмкіндік берген 12 технологиялық сынақ жүргізілді.
Сынақтар СЭҚ ТН кодтары бойынша жеті тауар тобын қамтыды. Олардың ішінде сабын, жуу және тазалау құралдары, макияжға арналған косметикалық өнімдер, шаш пен ауыз қуысына күтім жасау құралдары бар. Жоба қатысушылары таңбалау жүйесінің толық жұмыс циклін – таңбалау кодтарын эмиссиялау мен өнімді агрегациялаудан бастап, оны бақылау-касса машиналары арқылы айналымнан шығаруға дейінгі процестерді сынақтан өткізді.
Практикалық апробация отандық кәсіпорындар мен ірі импорттаушылардың өндірістік және қойма алаңдарында жүргізілді. Жоба қатысушыларының қатарында «МедиДез» ҒӨБ» ЖШС, «Аврора» ӨК ЖШС, «ПрофХим» ЖШС, «Вита Вент» ЖШС, «Проктер энд Гэмбл Қазақстан Дистрибьюшн» ЖШС, «Amway Central Asia» ЖШС және басқа да компаниялар бар. Бұл нақты өндірістік процестер жағдайында сәйкестендіру құралдарын енгізудің әртүрлі тәсілдерінің, соның ішінде этикеткалау мен тікелей басып шығарудың тиімділігін бағалауға мүмкіндік берді.
«МедиДез» ҒӨБ» ЖШС өкілі атап өткендей, пилоттық жобаға қатысу таңбалау жүйесінің жұмысын тікелей қолданыстағы өндіріс жағдайында сынақтан өткізуге және оның қазіргі технологиялық процестерге әсерін бағалауға мүмкіндік берді.
«Өндірушілер үшін жаңа цифрлық шешімдердің салалық ерекшелік пен нақты өндірістік процестерді ескере отырып енгізілуі ерекше маңызды. Дәл осы себепті пилоттық форматтың практикалық маңызы зор. Ол түрлі технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуге, сәйкестендіру құралдарын енгізудің ең тиімді тәсілдерін айқындауға және реттеушілік шешімдер қабылданғанға дейін туандауы мүмкін мәселелерді алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мемлекеттің міндеттері мен бизнестің мүдделерін ескеретін теңгерімді тетіктерді әзірлеуге ықпал етеді», – деп атап өтті «МедиДез» ҒӨБ» ЖШС өндірістік цехының мастері Әмір Өтенов пилоттық жобаны өткізу барысында.
Пилоттық жобаның нәтижелері тауарларды цифрлық таңбалау саласындағы алдағы шешімдерді әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады. Алынған деректер саланың техникалық дайындығын бағалауға, цифрлық шешімдерді қолданыстағы бизнес-процестерге интеграциялау ерекшеліктерін айқындауға және тұрмыстық химия мен косметикалық өнімдер нарығының ерекшелігін ескере отырып, нормативтік реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі цифрлық таңбалау жүйесін дамыту жөніндегі шешімдер пилоттық жобалардың практикалық нәтижелері, бизнестің пікірі, салалық ерекшелік және реттеушілік әсерді бағалау негізінде қабылдануы тиіс деген қағидатты дәйекті түрде ұстанады. Мұндай тәсіл мемлекет, кәсіпкерлер мен тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ашық әрі бәсекеге қабілетті нарық қалыптастыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Анықтама: «МедиДез» ҒӨБ» ЖШС – дезинфекциялау, жуу құралдары мен тұрмыстық химия өнімдерін толық өндірістік циклмен шығаратын жетекші қазақстандық өндірушілердің бірі. Кәсіпорын медициналық ұйымдарға, өнеркәсіптік секторға және тұрмыстық тұтынуға арналған өнім шығарады, сондай-ақ экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асырады.