
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы инвестициялар тарту, сондай-ақ өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Ерсайын Нағаспаев пен Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер Ислам даму банкінің қаржысын тарта отырып, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын салу жобасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Жобаны іске асырудағы маңызды кезеңдердің бірі – биылғы ақпан айында жалпы сомасы $1,3 млрд көлемінде қаржы тарту және жоба аясында $1,3 млн көлемінде гранттық қолдау көрсету туралы келісімге қол қойылуы болды. Бұл уағдаластықтарға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Жидда қаласына жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.
Тартылатын қаржының арқасында қажетті инженерлік инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі мен логистика салаларында 240-қа жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске қосу нәтижесінде 32 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда негізгі рәсімдер аяқталып, бірінші транш бойынша мемлекеттік кепілдік берілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар экономиканы әртараптандыруға және өнеркәсіп салаларының тұрақты дамуына бағытталған өзара әріптестікті одан әрі кеңейтуге бейілді екендерін растады.