Мемлекет басшысының Парламент палаталары бірлескен отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп пен құрылыс саласының орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы баяндады.
«Өңдеу өнеркәсібінің 9%-дық өсімі негізінен жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуының арқасында қамтамасыз етілді. Өткен жылы 190 жоба пайдалануға беріліп, өндірістік әлеуетті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы құны 252 млрд теңгені құрайтын 74 жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, елімізде өнеркәсіп салаларының орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық база жетілдірілуде. Мәселен, биылғы 24 маусымда машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша Заңға қол қойылды. Құжатта бірқатар маңызды шаралар көзделген. Атап айтқанда:
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ерекше назар аударылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жаңа моделінің тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады. Тұжырымдама бойынша инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидатын енгізу көзделген.
Жеке операторлық басқаруды дамыту және аймақтардың инфрақұрылымдық дайындығын арттыру, оның ішінде дайын өндірістік үй-жайлар салу қарастырылған. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу мерзімін қысқартып, арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, қабылданған заңнамалық шараларды іске асыру өңдеу өнеркәсібінің орнықты дамуына ықпал етеді.
Өз баяндамасында Ерсайын Нағаспаев биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласында оң өсім қалыптасқанын атап өтті.
Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 2,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға артты. Осы кезеңде 6,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 4,5%-ға жоғары. Биыл 20 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Саланы жетілдірудегі маңызды кезеңдердің бірі – жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы болды. Бүгінде Қазақстанда құрылыс саласы қызметін реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған 138 нормативтік құқықтық акт қабылданды.
Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексінің нормалары құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, рәсімдердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және құрылыс саласына инвестиция тартуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жалғасуда. Сумен жабдықтау және су бұру саласында 223 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 13 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі желісі бойынша 2030 жылға дейін жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жоба аясында 5 мың шақырым су құбыры желісін және 2,8 мың шақырым су бұру желісін жаңғырту көзделген. Сонымен қатар, жалпы құны шамамен 800 млрд теңгені құрайтын 45 кәріздік тазарту құрылысын салу және реконструкциялау жобасын іске асыру жоспарланған.
«Министрлік жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, инвестициялар тарту және экономиканың тұрақты өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін өнеркәсіп пен құрылыс саласын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады», – деп түйіндеді Ерсайын Нағаспаев.