Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді

Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі қазіргі нарық талаптары мен экономиканы ауқымды цифрландыру үдерістерін ескере отырып, саланы кешенді жаңғыртуға бағытталған.

Құжатта кадастрлық жүйе арқылы қала құрылысы жобаларын бақылау, сондай-ақ бас жоспарларға қайшы келетін рұқсат беру құжаттамасын беруді шектеу көзделген. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қала құрылысы жобалары қоғамдық талқылауға шығарылып, олардың нәтижелері жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында жарияланады. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жиі түзетуге тыйым салынады (2 жылда 1 реттен артық емес).

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сейсмикалық қауіпті аумақтарда тәуекелдерді бағалау, микросейсмикалық аудандастыру карталарын міндетті түрде ескеру және өзге де қауіпсіздік тетіктері арқылы құрылыс жүргізуге қойылатын талаптар күшейтілді. Техникалық нормалаудың ұлттық институтын құру техникалық реттеудің заманауи әрі икемді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Инженер мамандардың біліктілігі мен кәсіби мәртебесін арттыру мақсатында, ЕО елдерінің тәжірибесі негізінде аттестаттау жүйесінің орнына мамандарды сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл норма 2 жылдан кейін күшіне енеді.

Лицензия иелерінің электрондық тізілімін енгізу бұрын берілген рұқсаттарға толық тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоспарлы инспекциялау тетігін енгізу арқылы құрылысқа мемлекеттік бақылауды күшейту көзделген.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) органдарына сәулет және қала құрылысы саласындағы талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жедел ықпал ету шараларын қабылдау, оның ішінде құрылыс жұмыстарын және рұқсат құжаттарының қолданысын тоқтата тұру құқығы беріледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен өрт қауіпсіздігі органдары құрылыс нысандарын қабылдау рәсіміне қатысады. Сонымен бірге құрылыс нысандарының негізгі кепілдік мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін, ал көтергіш конструкцияларға, шатырға және қасбетке берілетін кепілдік мерзімі кемінде 10 жылға ұлғайтылды.

Қолданыстағы ақпараттық жүйелерді біріктіретін, яғни жоспарлау, жобалау, сараптама жүргізу мен құрылыс үдерісін, яғни жұмыстың барлық кезеңін «бір терезе» қағидаты бойынша бақылайтын Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы құрылды. Құрылыс нысандарын бірыңғай сәйкестендіру мақсатында әрбір нысанға бірегей нысан нөмірі (БНН) беріледі.

Құрылыс кодексінің ережелері бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының қатысуымен түрлі алаңдарда жан-жақты талқыланды.