
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кеңес өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, салалық қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Құрылыс кодексіндегі негізгі жаңашылдықтар таныстырылды.
«Құрылыс кодексі нормаларды бір жүйеге келтіреді, әкімшілік кедергілерді азайтады, үдерістерді цифрландыруды күшейтеді және құрылыстың барлық кезеңдеріндегі жауапкершілікті арттырады. Басты мақсат – құрылыс нысандарының қауіпсіздігі мен сапасын жақсарту, бюрократиялық кедергілерді қысқарту, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және оның тұрақты дамуына барлық жағдай жасау», – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.
Кеңесте құрылыс үдерістерін цифрландыруға, қала құрылысы кадастры жүйесінің қызметіне, жобаларға сараптама жүргізу ісіне, сондай-ақ құрылыс нарығына қатысушылардың қызметін реттеудің жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Кодекстің жекелеген нормаларын іске асыру тетіктерін таныстырды. Атап айтқанда, лицензия иелерінің автоматтандырылған тізілімінің жұмыс тәртібі, 2028 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс саласы мамандарын сертификаттау жүйесіне көшу, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімін қысқартып, құрылыс сапасын арттыруға бағытталған техникалық тапсырыс беруші институтын енгізу мәселелері түсіндірілді.
Сондай-ақ «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» РМК мен «Мемсараптама» РМК өкілдері де сөз сөйлеп, тақырып аясында жан-жақты түсініктемелер берді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Кодекстің жекелеген нормаларын қолдану мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті. Бизнес өкілдерінен түсетін қосымша ұсыныстар мен сұрақтар өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы жинақталып, кейін уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп пысықталады.