Ерсайын Нағаспаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттарды шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелері туралы хабардар етті

Ерсайын Нағаспаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттарды шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелері туралы хабардар етті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың шикізаттық емес экспорттың өсім нүктелері мен жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған ірі индустриялық жобаларға қатысты сауалдарына жауап берді.

Министр Қазақстан экономикасының құрылымында өңдеу өнеркәсібі екінші жыл қатарынан тау-кен өндіру секторынан жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тау-кен өндіру саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,9 пайызды құраса, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13 пайызға жетті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 17 ірі инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Оның ішінде 9 жоба министрліктің бақылауында. Бұлар машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және басқа да салалардағы жобалар. Дәл осы жобалар жоғары деңгейде өңделген өнім өндірісін ұлғайтып, шикізаттық емес экспорттың негізгі қозғаушы күшіне айналады. Жалпы, биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 өнеркәсіптік жоба іске асырылады», – деді негізгі салаларға тоқталған Ерсайын Нағаспаев.

Мәселен, машина жасау саласында жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы KIA Qazaqstan және жылдық қуаты 120 мың автокөлік шығаруға жететін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары пайдалануға берілді. Теміржол машиналарын жасау саласында швейцариялық Stadler компаниясы жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт салды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласына John Deere, Volvo және басқа да әлемдік өндірушілер тартылды. Бұл бағыттағы басты міндет – өндірісті локализациялау деңгейін арттырып, сыртқы нарықтарға шығу.

Металлургия өнеркәсібінде екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – жылына 160 мың тонна ферросилиций өндіретін ферроқорытпа зауыты, екіншісі – жыл сайын шамамен 15 тонна Доре қорытпасы түріндегі алтын өндіретін гидрометаллургиялық комбинат. Сонымен қатар Qarmet компаниясын жаңғырту бағдарламасы аясында болат өндірісін жылына 5 млн тоннаға дейін ұлғайтып, салаға серпін беру көзделіп отыр.

Химия өнеркәсібінде Жамбыл облысында жылдық қуаты 500 мың тонна кальцийлендірілген сода өндіруге жететін зауытты іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге келесі жылы Қаратау қаласында минералды тыңайтқыштар өндірісі ашылады деп жоспарлануда. Маңғыстау облысында азот тыңайтқыштарын шығаратын зауыт, ал Батыс Қазақстан облысында Qazaq Kalium кәсіпорны іске қосылады.

Құрылыс материалдары өндірісі саласында Roca Group Қызылорда облысында Қазақстандағы алғашқы керамикалық өнім шығаратын жобаны жүзеге асыруда. Ал Саран қаласында жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі жолға қойылады.

Жеңіл өнеркәсіп саласында Lihua Group толық өндірістік циклді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құруда. Қазіргі уақытта иірілген жіп өндірісі іске қосылды, ал биыл жылына 40 млн шаршы метрге дейін мата өндіретін кәсіпорын пайдалануға беріледі.

Ерсайын Нағаспаев сөзін қорытындылай келе, өңдеу өнеркәсібін дамыту министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өтті.