Елімізде былғары өнімдері өндірісі 36%-ға өсті

Елімізде былғары өнімдері өндірісі 36%-ға өсті

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша былғары және былғарыдан жасалған өнімдер өндірісі 36%-ға артты. Нақтылай айтқанда, жолға арналған бұйымдар мен ер-тұрман жабдықтары өндірісінде – 47,6%, аяқ киім шығаруда – 39,9%, сондай-ақ былғарыны илеу және өңдеу, аң терісін өңдеу мен бояу саласында – 27,3% өсім тіркелді. Бұл туралы QazIndustry Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

Өндіріс көлемі бойынша Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласының кәсіпорындары көш бастап тұр.

Есепті кезеңде Алматы облысы алдыңғы орында. Өңірде 2,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл саладағы жалпы өндіріс көлемінің 35%-ын құрайды. Екінші орында – Алматы қаласы. Мұнда өндіріс көлемі 967,6 млн теңгеге жетіп, жалпы көлемнің 13,7%-ын құрады. Үшінші орында – Жамбыл облысы. Өңірде 776,8 млн теңгенің өнімі өндірілді (11%).

Қазақстандағы былғары және былғарыдан жасалған өнімдердің негізгі өндірушілері қатарында «СпецОбувьТорг» , «Zhamal-Ai Ltd», «ТаразКожОбувь», «Samhat аяқ киім фабрикасы», «Nappa KZ», «Almaty Tannery+ (Алматы былғары зауыты+), «Семей аяқ киім фабрикасы» сынды ЖШС-лар және тағы басқалар бар.