
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Елдос Абаканов энергетикалық трансформация, энергия тиімділігі, жасыл энергетика және өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелеріне арналған Қытайдағы ірі халықаралық салалық іс-шараларға қатысуда.
Сапар аясында Ұлттық энергия үнемдеу орталығы Тачэн қаласында өткен жалпы электрлендіру саласының өнеркәсіптік экожүйесі конференциясына, сондай-ақ Үрімші қаласында ұйымдастырылған IX «Қытай – Еуразия» ЭКСПО-сына қатысты. Бұл көрме инвестициялық, технологиялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға арналған ең ірі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады.
Іс-шаралар аясында Қытайдың жетекші энергетикалық компанияларымен бірқатар B2B кездесулер өтті. Тараптар жаңартылатын энергетиканы дамыту, энергия тиімді технологияларды енгізу, энергетикалық инфрақұрылымды цифрландыру, энергия тұтынуды зияткерлік басқару жүйелерін дамыту, сондай-ақ Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Осындай халықаралық алаңдарға қатысу серіктестік байланыстарды нығайтуға, озық технологиялар мен үздік тәжірибелер алмасуға ықпал етеді, сондай-ақ энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласында бірлескен бастамаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.