Машина жасау және көлік салаларын дамыту мәселелері жөніндегі заң отандық бизнесті қолдауға бағытталған

Машина жасау және көлік салаларын дамыту мәселелері жөніндегі заң отандық бизнесті қолдауға бағытталған

Мемлекет басшысы экономика салаларын қолдауды кеңейту және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне машина жасауды дамыту және көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды

Құжат машина жасау секторындағы заңнаманы жетілдіруді, нақтылай айтқанда, саланың инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін көтеруді көздейді. Сондай-ақ заң технологиялық үдерістерді жақсартуға, елішілік құндылықтарды артыруға және көлік саласындағы теңгерімді реттеуге бағытталған.

Заң аясында мыналар қарастырылған:

  • мемлекеттік қолдауға ие болатын өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу;
  • арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) қызметінің тиімділігін арттыру;
  • қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының айналымын реттеу;
  • өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігін енгізу;
  • жеке тұлғаларға арналған лизинг шарттарын, оның ішінде лизингтік компанияларға қойылатын талаптарды реттеу;
  • Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мақсатында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының ережелерін халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкестендіру;
  • көлік саласын реттеу барысында бюрократиялық кедергілерді қысқартуға арналған шаралар қабылдау және т.б.