
«Мемсараптама» РМК-да бейнеконференция байланысы форматында «Сейсмикалық белсенді аудандардағы құрылыс жобаларын сараптау және жобалау мәселелері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Беларусь елдерінің өкілдері қатысты. Қатысушыларға ҚР «Мемсараптама» РМК бас директорының цифрландыру жөніндегі орынбасары Саламат Серікқалиев пен Ресейдің «Главгосэкспертиза» федералдық автономды мекемесі құрылыс шешімдері басқармасының басшысы Евгений Леонтьев сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел аясында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «Мемсараптама» РМК және оның өңірлік филиалдарының мамандары, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстанның сараптамалық ұйымдары және Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясы Геология, сейсмикалық төзімді құрылыс және сейсмология институтының өкілдері сейсмикалық белсенді аудандардағы құрылыс нысандарын жобалау және сараптау мәселелерін талқылады.
Қатысушылар заманауи сейсмооқшаулау жүйелерін қолдану, жобаларды ғылыми-техникалық сүйемелдеу және арнайы техникалық шарттарды пайдалану, іргетастардың геотехникалық есептеу әдістері мен топырақты нығайтудың заманауи технологиялары, сондай-ақ аумақтардың есептік сейсмикалылығын анықтау және сейсмикалық қорғаныс жүйелері қолданылатын нысандардың жобалық құжаттамасына сараптама жүргізу тәжірибесі мәселелерін қарастырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар сейсмикалық қауіпті өңірлерде құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жобалау және сараптама жүргізу тәсілдерін жетілдіру мақсатында халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.