
Жыл басынан бері Қазақстанда химия өнеркәсібі саласында жалпы құны 12 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Алматы және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында натрий сульфатын, бастапқы нысандағы пластмассалар және минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорындар пайдалануға берілді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 159 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларға талдау және мониторинг жүргізу дирекциясы хабарлады.
«Жыл соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 69,6 млрд теңгені құрайтын тағы 15 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде қосымша 917 тұрақты жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, желатин мен пептон, органикалық-минералдық тыңайтқыштар, целлюлозалы тұрақтандырғыш қоспалар, дезинфекциялау құралдары және өзге де химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды іске қосу көзделген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар қазіргі уақытта химия өнеркәсібінде жалпы инвестиция көлемі 5,1 трлн теңгеден асатын 18 ірі жоба жүзеге асырылу сатысында. Олардың қатарында күкірт қышқылын, натрий цианидін, тауарлық сынапты, уран тотығын, вольфрам концентратын және басқа да химия өнімдерін өндіру жобалары бар. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде шамамен 2,4 мың жұмыс орны ауылдық жерлерде ашылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта карбамид, литий карбонатын, аммиак селитрасын, жоғары және төмен қысымды полиэтиленнің қайталама түйіршіктерін, сұйық азотты және өзге де химия өнімдерін өндіруге бағытталған 30 жоба пысықталу үстінде. Бұл жобалар бойынша жоспарланған инвестиция көлемі 10,2 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде 24,8 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Осылайша, аталған 66 жоба бойынша инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 15,4 трлн теңгені құрайды. Оларды іске асыру нәтижесінде 30,7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде 23,1 мың жұмыс орны ауылдық жерлерде ашылады. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, химия өнеркәсібі Қазақстанның өнеркәсіптік кешеніндегі маңызды салалардың бірі. Саланың тұрақты дамуына құрамында фосфор бар шикізаттың, тұздардың, көмірсутектердің және базалық әрі арнайы химия өнімдерін өндіруге қажетті басқа да химиялық компоненттердің мол қорын қамтитын бай минералдық-шикізат базасы негіз болып отыр.