Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының 2025 жылғы желтоқсанда өткен отырысы қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Стратегиялық маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы бейнеконференция форматында өтті.
Кездесу екі ел елшіліктерінің қолдауымен, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков пен Францияның минералдық шикізат және металдармен стратегиялық қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық делегаты Бенжамен Галлезоның тең төрағалығымен ұйымдастырылды.
Қазақстан мен Францияның стратегиялық маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастығы –жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жалғасы болып есептеледі. Бұл 2023 жылы бекітілген Стратегиялық минералдар жөніндегі бірлескен ниеттестік декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға 2024 жылғы мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Жол картасына негізделген.
Отырыс барысында Қазақстан мен Францияның мемлекеттік органдары, геологиялық қызметтері және бизнес өкілдері геологиялық картография, деректер алмасу, зертханалық зерттеулер, геологиялық барлау, жер қойнауын пайдалану және заманауи тау-кен өнеркәсібін дамыту бағыттарындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Сонымен қатар титан және басқа да стратегиялық ресурстарды жеткізу саласындағы серіктестікке, сондай-ақ бизнес құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Олжас Әлібеков Қазақстанның Еуропалық одақтың тиісті тізбесіне енгізілген стратегиялық маңызды шикізат материалдарының 34 түрінің 21-ін өндіріп әрі өңдейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту және жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері қазақстандық тараптың франциялық серіктестерімен өзара тиімді әрі мазмұнды ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін растап, оларды геологиялық барлау, шикізатты өңдеу және заманауи технологияларды енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті одан әрі ілгерілетуге өзара мүдделі екендіктерін растады және бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асыруды жалғастыра беруге уағдаласты.