Құрылыс саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша бизнес ұсыныстары талқыланды

Құрылыс саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша бизнес ұсыныстары талқыланды

«Атамекен» ҰКП алаңында инвестициялық жобаларды іске асыру және құрылыс жобаларына сараптама жүргізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, сарапшылар, салалық қауымдастықтар, жобалау ұйымдары және құрылыс бизнесінің өкілдері қатысты.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов кеңеске қатысушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру және саланың ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылыс саласын реттеуді жетілдіру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырды. 

Сондай-ақ биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа ҚР Құрылыс кодексінің негізгі ережелері түсіндірілді. Құжатта цифрлық шешімдерді енгізу, бірыңғай қала құрылысы саясатын дамыту және саладағы бақылау жүйесін жетілдіру көзделген.

Өз кезегінде бизнес және салалық бірлестіктер өкілдері сараптамадан өту мерзімдерін қысқарту, процестерді цифрландыру, нормативтік-техникалық реттеуді жетілдіру және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсарту және құрылыс саласын дамыту мақсатында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелеріне назар аударылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері бизнес қауымдастығының ұсыныстарын қарастыруға дайын екендерін жеткізді. Оның ішінде кәсіпкерлерді Ғылыми-техникалық кеңестің құрамына енгізу және мемлекеттік нормативтік құжаттарды өзектендіру мен жетілдіру жөніндегі жұмыс тобын құру мүмкіндігі қарастырылатыны атап көрсетілді.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар құрылыс саласын дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.