Теміржол машиналарын жасау саласы өнімдерінің жекелеген түрлерін локализациялау деңгейі 35-40%-ға жетті — Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында сөз сөйледі

Теміржол машиналарын жасау саласы өнімдерінің жекелеген түрлерін локализациялау деңгейі 35-40%-ға жетті — Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында сөз сөйледі

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев теміржол машиналарын жасау саласының қазіргі жай-күйі туралы баяндады.

Министр еліміздегі жалпы машина жасау өндірісінің 13%-ын құрайтын аталған саланың маңызды рөлін атап өтті. Бүгінде Қазақстанның теміржол машиналарын жасау секторында 8 мыңнан астам адам еңбек ететін 60 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша саладағы өнім шығару көлемі 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. Жалпы алғанда, кейінгі 5 жылда ұлттық тасымалдаушының вагон паркін жаңартуды ынталандыруға бағытталған бағдарламалардың іске асырылуы арқасында салада инвестициялық белсенділік артты. Соның нәтижесінде Wabtec, Alstom және Stadler сияқты әлемдік жетекші компаниялардың өндірістері локализацияланды. Теміржол машиналарын жасау саласы өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша локализациялау деңгейі 35-40%-ға жетті», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Отандық жеткізушілермен кооперацияны кеңейту, қосалқы бөлшектердің жаңа түрлерін өндіру және бірлескен өндірістер құру арқылы локализациялауды тереңдету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға баса назар аударылды. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша жылжымалы құрам өндірісінің көлемі 9%-дан астамға, ал жекелеген өнім түрлерін өндіру 1,7 есеге дейін артты. Тек локомотивтер бойынша 17,5%-ға төмендеу байқалды. Министрдің сөзіне қарағанда, жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып, басқа өнім түрлерінің шығарылымын арттыру есебінен аздаған өсім күтілуде. Саладағы оң динамика негізінен бірқатар ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Олардың ішінде  өткен жылы Астанада іске қосылған, жылына 100 дана жолаушы вагонын шығаруға қауқарлы «Stadler Қазақстан» зауыты бар.  2030 жылға дейін ҚТЖ-ға  557 вагон дайындап беруге келісімшарт жасалған. Биыл теміржол бағыттарында заманауи технологиялармен жабдықталған вагондар қатынай бастайды. 

Маңызды жобалардың бірі — “ЗИКСТО” зауыты базасында жолаушы вагондары өндірісін ұлғайту. Кәсіпорын жылына 200-ге дейін жолаушы вагонын шығаруды қамтамасыз етеді. 2026-2027 жылдары өндірісті жаңғыртуға және өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған құны 24 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл шамамен 470 жұмыс орнын құруға, сондай-ақ отандық вагон жасау саласының құзыретін және локализациялау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Биылдан бастап теміржол бағыттарында жаңартылған жолаушылар вагондары пайдаланылып келеді.

Сонымен қатар былтыр Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен вагон-цистерна шығаруға қауқарлы вагон жасау зауыты іске қосылды. Кәсіпорын вагон-цистерна өндіруге сертификат алып, биыл алғашқы 70 бірлікті шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар локализациялау деңгейін арттыру мақсатында инвестор тарапынан жылына 60 мың тонна бөлшек шығаратын құю зауытының құрылысы басталды. Зауытты іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Семей машина жасау зауытында жылына 600-ге дейін жартылай вагон өндіретін жаңа желі пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Екібастұзда дайын теміржол техникасын, сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен маңызды компоненттерді өндіруге маманданған кәсіпорындар кластері қалыптастырылды. Мұнда жылына 160 мың бірлік өнім шығаруға мүмкіндік беретін бандаж кешені де іске қосылды.

Саланы ілгерілетудің маңызды бағыттарының бірі – Alstom компаниясымен бірлесіп локомотивтерге сервистік қызмет көрсетуді локализациялауды дамыту. Инвестициялық келісім аясында Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында төрт сервистік орталықтың құрылысы жүргізілуде. Шу және Алматыдағы орталықтар пайдалануға берілді, Астана мен Арыста құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жобаны іске асыру 700 жұмыс орнын құруға, локомотивтерге толық циклді қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық машина жасауды локализациялау деңгейі мен технологиялық құзыретін арттыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі өз баяндамасында вагондар паркінің тозу деңгейінің жоғары екенін айта келіп, бірқатар ұсынысын жеткізді. 

«Жылжымалы құрамды жаңарту отандық машина жасау саласын дамыту ісімен тығыз байланыста жүзеге асырылуы тиіс. Бұл өндірістік қуаттарды арттыру мен паркті жаңартуды қатар жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Айтылған ұсыныстардың бір бөлігі:

  • Бірінші кезекте Қазақстанда жасалған вагондар мен локомотивтерді (жылжымалы құрамды) сатып алу тетіктерін пысықтау;
  • ҚТЖ-ның отандық өндірушілерден вагондар мен жартылай вагондар сатып алу үшін тиісті субсидиялау көлемі қажеттіліктен төмен болғандықтан, қаржыландыруды жеткілікті деңгейге көтеру мәселесін қарастыру;
  • Қолданыстағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысын және отандық өндіріс орындарының өнімдеріне болжамды сұранысты қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігін қарастыру.

«Министрлік елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету шеңберінде теміржол машиналарын жасау саласын дамыту жұмысын жалғастырады», – деп қорытындылады Ерсайын Нағаспаев.