
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын үйлердің маңында автокөліктерді қоюға тыйым салынады деген ақпарат таралуда.
Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында тұрғын үйлердің жанында автокөліктерді қоюға жаңа тыйым салу көзделмеген.
Құжат бойынша негізгі мақсат – нормативтік құқықтық базаны Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және елді мекендерді абаттандыру саласындағы қолданыстағы нормаларды қайта бекіту.
Қолданыстағы ережелер бұған дейін де Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №235 бұйрығымен бекітілген Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларында (Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі міндетін атқарушының 2024 жылғы 14 маусымдағы №219 бұйрығымен енгізілген редакцияда) қолданылып келген.
Атап айтқанда, жаңа қағидаларда азаматтарға тұрғын үйлердің жанындағы арнайы қарастырылған автотұрақ орындарына көлік қоюға тыйым салатын нормалар жоқ.
Өзгерістер тек нақтылау мақсатында енгізілді. Мәселен, қағидалардың 32-тармағында жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақта жинап, сақтап қоюға рұқсат берілмейтін жылжымалы мүліктің тізбесі нақтыланды. Бұрын «өзге де жылжымалы заттар» деген жалпы тұжырым қолданылса, жаңа редакцияда оларға автокөлік құралдары, тіркемелер мен арбалар да жататыны нақты көрсетілген.
Бұл ретте сөз автокөлік құралдарын пайдалануға немесе белгіленген орындарда қоюға тыйым салу туралы емес, ортақ пайдаланудағы іргелес аумақта мүлікті ұзақ уақыт сақтауға және үйіп қоюға жол бермеу туралы болып отыр.
Сондай-ақ аталған Қағидалар жол қозғалысын ұйымдастыру, автотұрақтар мен тұрақ орындарын реттеу және көлік құралдарын пайдалану мәселелерін қамтымайтынын атап өткен жөн. Сондықтан жарияланымдарда айтылған автокөліктерді қоюға жаңа шектеулер енгізіледі деген тұжырымдар құжаттың мазмұнына сәйкес келмейді.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және нормативтік құқықтық актілерге қатысты шындыққа жанаспайтын түсіндірмелерді таратпауға шақырады.