
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Германия Федералдық Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Рунхоффпен кездесіп, инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы Германиядан Қазақстан экономикасына бағытталған тікелей инвестициялар көлемі 28,5 пайызға өсті. Кейінгі 20 жыл ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі $7,8 млрд-тан асты. Оның шамамен 90 пайызы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.
«Германиядан тартылатын инвестициялар біз үшін стратегиялық маңызға ие және олар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына ие. Екі мемлекет басшыларының тұрақты сапарлары мен жоғары деңгейдегі белсенді байланыстары достық және әріптестік қатынастардың дамуына елеулі серпін берді. Біз өзара байланыстарымызды жан-жақты дамытуға және инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Германия Федералдық Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Рунхофф неміс бизнесінің қазақстандық серіктестермен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға жоғары деңгейде қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Қазақстан мен Германия арасындағы өнеркәсіптік кооперация портфелі 7 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 41 инвестициялық жобаны қамтиды, оның 20-сы қазірдің өзінде іске қосылған. Олардың қатарында Heidelberg Materials компаниясының цемент өндірістері, Knauf компаниясының құрылыс материалдарын локализациялау, CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын және Siemens AG электротехникалық өнімдерін шығару жобалары бар. Қазіргі уақытта калий тыңайтқыштарын, литий және басқа да өнімдерді өндіру бойынша бірлескен жобалар іске асырылу сатысында тұр.
Кездесуге қатысушылар жерде сирек кездесетін және стратегиялық маңызды материалдарды бірлесіп игеру мен өңдеу, өндірістерді локализациялау және жаңа индустриялық жобаларды іске қосу бағыттарындағы әлеуетті атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.