Қазақстан мен Швецияның автокөлік өндірушілері Жүк техникасын бірлесіп өндіру туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Швецияның автокөлік өндірушілері Жүк техникасын бірлесіп өндіру туралы меморандумға қол қойды

Астанада екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары мен бизнес-құрылымдары өкілдерінің қатысуымен Қазақ-швед сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссиясының отырысы өтті.

Жиында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде инвестициялар, өнеркәсіп кооперациясы, машина жасау, ТМК, аса маңызды минералдар және басқа да бағыттар бойынша ауқымды мәселелерді талқылады.

Отырыс барысында Қазақстанда Volvo жүк автомобильдерін өндіруге дайындықты көздейтін Astana Motors және Volvo Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның бастапқы кезеңінде алыс қашықтыққа тасымалдауға арналған Volvo FH13  магистралды тартқыштарын шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар өнеркәсіп пен құрылыста кеңінен қолданылатын Volvo FMX13 автокөліктерін өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Швед автомобиль компаниясы – кеңейтілген модельді жүк көліктерін шығаратын әлемдегі көшбасшы өндірушілердің бірі. Өткен жылы Volvo Trucks Қазақстанда алғашқы сервистік стансасын және Орталық Азия мен Кавказ өңірі үшін жаңа кеңсе ашты. Бірлескен өндіріс алаңын іске қосу отандық автомобиль саласының әлеуетін нығайтып, Қазақстан мен Швеция арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.