
Сенат депутаттары Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында машина жасау саласын дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және артық әкімшілік рәсімдерді қысқарту мәселелерін талқылады. Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне машина жасауды дамыту және көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды.
Сенаторлар машина жасау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, авиация саласындағы нормаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, сондай-ақ көлік саласындағы мемлекеттік органдар қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған түзетулерді талқылады.
Заңда отандық машина жасау саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін күшейту және өнімнің ішкі құнын ұлғайту жөніндегі шаралар көзделгені атап өтілді. Атап айтқанда, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін кәдеге жарату алымын төлеу бойынша өзара есепке алу тетігін енгізу, сондай-ақ артық немесе қате төленген қаражатты қайтару рәсімін жеңілдету ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, заңда жеке тұлғаларға арналған лизинг шарттарын реттеу көзделген. Оның ішінде лизингтік компанияларға қойылатын талаптар мен айыппұл санкцияларының мөлшеріне қатысты шектеулер белгіленеді. Отырысқа қатысушылардың пікірінше, бұл шаралар азаматтардың техникаға қолжетімділігін арттыруға және қаржы секторын дамытуға ықпал етеді.
Түзетулердің жеке блогы авиация саласына арналған. Өзгерістер ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен және АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің талаптарымен үйлестіруге бағытталған. Бұл Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық бағалаудан сәтті өтуіне және Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қосымша мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту саясаты аясында мемлекеттік органдардың бірқатар функциясын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер деңгейіне көшіру ұсынылады. Түзетулер автомобиль, теміржол, теңіз және әуе көлігі, сондай-ақ автомобиль жолдары салаларын қамтиды.
Дереккөз: Сенаттың Баспасөз қызметі