Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Astana Mining & Metallurgy XVI халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Сауд Арабиясы Корольдігінің Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар Әл-Хураифпен кездесу барысында конгресс аясында қол қойылған Жерде сирек кездесетін металдарды игеру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумды іс жүзінде іске асыру мәселелері талқыланды. Құжат Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Тараптар геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өңдеу, қосылған құны жоғары өнім өндіру және басқа да бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге баса назар аударды.
АҚШ Сауда министрінің көмекшісі – АҚШ және шетелдердегі Коммерциялық қызметтің бас директоры Дэвид Фогельмен өткен келіссөздерде тау-кен металлургия кешені, машина жасау және басқа да келешегі зор салалардағы өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі кеңейту мәселелері қаралды.
Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес мәселелері жөніндегі Бас директораты бас директорының орынбасары Валер Мутарльемен кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық өнеркәсіптік өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемін ұлғайту, жаңа кәсіпорындар ашу, қосымша жұмыс орындарын құру және елге озық технологияларды трансферттеуді қамтитын ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін растады.