
11 маусым күні Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Мықты өңірлік ғылым – мықты өңір» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті. Іс-шара барысында Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттары талқыланды.
Жиынға мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, бизнес пен өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі тақырыптары ғылымды дамыту, өнеркәсіпті цифрландыру және экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері болды.
Отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы еліміздің технологиялық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жасанды интеллектіні салаларды дамытудың нақты құралы ретінде қарастырады. Іргелі ғылым мен өндірістің тоғысқан тұсында технологиялық серпіліске жол ашатын зор мүмкіндік бар», – деді Жәннат Дүбірова.
Оның айтуынша, геология саласында бастапқы геологиялық ақпараттың 97 пайыздан астамы цифрландырылып, жасанды интеллект архивтік материалдарды өңдеу, геологиялық модельдер құру және бірыңғай Big Data жүйесін қалыптастыру жұмыстарына қолданылып жатыр. Сонымен қатар, пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін жедел анықтауға мүмкіндік беретін жер қойнауының интерактивті цифрлық картасы әзірленуде.
Құрылыс саласында да жасанды интеллект цифрлық бас жоспарлардың орындалуын бақылау, құрылыс барысын мониторингтеу және BIM-жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізу процестерін жетілдіру үшін енгізілуде. Бұл құрылыс жобаларын қарау мерзімін қысқартып, саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында Ұлттық ғылым академиясы Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында геологиялық барлауды цифрландыру, минералдық шикізатты кешенді өңдеу, экологиялық қауіпсіздік пен су ресурстарын тиімді басқару мәселелері бар.
Жиын қорытындысы бойынша ғылымды дамытуға, өнеркәсіпке инновацияларды енгізуге және өңірдің технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған қарар мен бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ғылым жетістіктері мен жасанды интеллект технологияларын өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына кеңінен енгізу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен белсенді ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл өз кезегінде аталған салалардың тиімділігін арттырып, олардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.