«Шығыс ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия түсті металдар институтының» байыту технологияларын дамытудағы тәжірибесі салалық форумда таныстырылды

«Шығыс ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия түсті металдар институтының» байыту технологияларын дамытудағы тәжірибесі салалық форумда таныстырылды

«ҚР МШКҚӨ ҰО» РМК «Шығыс ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия түсті металдар институты» («ШҒЗТКМтүсмети») филиалының мамандары Астанадағы Nazarbayev University базасында KAZ Minerals тобы ұйымдастырған пайдалы қазбаларды байыту саласындағы байытушылар форумына қатысты. Форум Қазақстанның тау-кен-металлургия кешенін дамытудың қазіргі заманғы сын-қатерлері мен келешегін талқылау үшін ғылым, өндіріс, инженерлік қоғамдастық және халықаралық сарапшылар өкілдерін біріктірген негізгі салалық алаңдардың біріне айналды.

Форум аясында «ҚР МШКҚӨ ҰО» РМК «ШҒЗТКМтүсмети» филиалы директорының қолданбалы зерттеулер және сынақтар жөніндегі орынбасары Лариса Борисовна Кушакова «Қазақстандағы флотациялық байыту әдістерінің эволюциясы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада алғашқы байыту фабрикалары мен классикалық флотациялық схемалардан бастап автоматтандыруға, цифрландыруға және кенді байытудың жаңа әдістерін енгізуге негізделген заманауи жоғары технологиялық мүмкіндіктерге дейінгі отандық байыту мектебінің дамуы барысына ауқымды шолу ұсынылды.

Лариса Кушакова саланы дамытудың 100 жылға жуық жолына ой жүгірте келіп, «ШҒЗТКМтүсметидің» Қазақстанда пайдалы қазбаларды байытудың ғылыми-қолданбалы базасын қалыптастыруға және дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Институт ондаған жылдар бойы іргелі ғылыми зерттеулер, зертханалық және жартылай өнеркәсіптік сынақтар жүргізіп, технологиялық регламенттер әзірледі және оларды еліміздегі жұмыс істеп тұрған байыту кәсіпорындарына енгізу ісінде маңызды дәнекерлік қызмет атқарып келеді. Атап айтсақ, институт Шығыс Қазақстан өңіріндегі кәсіпорындарға, KAZ Minerals компаниясының нысандарына, «Қазмырыш» ЖШС-іне, сондай-ақ мыс, қорғасын-мырыш, полиметалл және алтын-мыс кендерін өңдейтін өзге де тау-кен металлургия кәсіпорындарына тиімді технологияларды енгізу жұмыстарын жүргізді.

Баяндамада «ШҒЗТКМтүсметидің» тәжірибесі тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар практикалық та маңызы бар екеніне ерекше назар аударылды. Институт мамандары әзірлеген флотациялық байыту, аралас концентраттарды селекциялау, реагенттік режимдерді жетілдіру, құнды компоненттерді алуды арттыру және өңдеу схемаларын минералды шикізаттың ерекшеліктеріне бейімдеу жөніндегі технологиялық шешімдер өндірістік жағдайларда бірнеше рет сынақтан өтіп, Қазақстанның байыту кәсіпорындарында қолданылды.

Сондай-ақ институттың кендердің заттық құрамын зерттеу мен технологиялық сынақтар жүргізуден бастап, оларды өндірісее енгізуге арналған ұсынымдар әзірлеуге дейінгі кешенді тәсілі минералдық шикізатты өңдеу процестерін ғылыми негізде жетілдіруге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Мұндай тәсіл металдарды бөліп алу тиімділігін арттыруға, минералдық-шикізат базасын ұтымды пайдалануға және саланың технологиялық дербестігін нығайтуға ықпал етеді.

Баяндамада Қазақстанның ірі байыту фабрикаларының тарихы, технологиялық схемаларды жаңғырту, заманауи флотациялық жабдықтарды енгізу, молибден флотациясын жетілдіру және бөлудің инновациялық әдістерін қолдану ісі қамтылды. Минералдық шикізатты қайта өңдеудегі заманауи үрдістерге, металдарды алу тиімділігін арттыруға және бүгінде еліміздің тау-кен металлургия саласының болашағын қалыптастыратын технологиялық шешімдерге ерекше назар аударылды.

Институт мамандарының осындай іс-шараларға қатысуының маңызы зор. Өйткені, мұндай басқосулар ғылыми-практикалық тұрғыда тәжірибе алмасуға, отандық ғылымның еліміздің минералдық-шикізат кешенін дамытуға қосып отырған үлесін бағамдауға, өндіріс пен ғылыми қауымдастық арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ саланы технологиялық тұрғыдан одан әрі дамытудың перспективалы бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді.