Астанада Automechanika Astana көрмесінің мерейтойлық 10-шы маусымы өз жұмысын бастады

Астанада Automechanika Astana көрмесінің мерейтойлық 10-шы маусымы өз жұмысын бастады

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында автокомпоненттер, қосалқы бөлшектер, сервистік жабдықтар мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсету саласына арналған ең ірі халықаралық алаңдардың бірі – мерейтойлық 10-шы Automechanika Astana 2026 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Биыл көрмеге әлемнің 23 елінен 400-ден астам компания қатысуда. Көрме аясында Қытай, Өзбекстан және Иранның ұлттық павильондары ұсынылған.

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев құттықтау сөз сөйлеп, автомобиль өнеркәсібі еліміздің индустриялық дамуы қарқын алып келе жатқан маңызды салалардың бірі екенін атап өтті.

«2025 жылы Қазақстанда жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асатын 171 мыңнан астам көлік құралы өндірілді. Сонымен қатар автокомпоненттер импорты 1,4 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткіштер өндірісті локализациялауды кеңейтуге, отандық компоненттік базаны дамытуға және импортты алмастыруға зор мүмкіндік бар екенін көрсетеді», – деді Азамат Панбаев.

Оның айтуынша, 23 мемлекеттен келген 400-ден астам компанияның басын қосқан Automechanika Astana 2026 көрмесі өндірістік кооперацияны нығайтуға, автокомпоненттер өндірісін локализациялауға және өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң саналады.

Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар автомобиль өнеркәсібін дамыту, автокомпоненттер нарығы, сервистік инфрақұрылым, заманауи технологиялық шешімдер мен халықаралық ынтымақтастықтың келешегі жөнінде пікір алмасады.

Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесі 10-12 маусым аралығында өтеді.