
Астанада Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чжон Кванның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының XI отырысы өтті.
Отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйек айында Сеул қаласына (Корея Республикасы) жоспарланған сапарына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Тараптар экономиканың негізгі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп, табиғи ресурстар, аса маңызды минералдар, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту және басқа да секторлардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Корея Республикасы – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Біздің байланыстарымызды нығайтуда жоғары деңгейде қалыптасқан сенімді қарым-қатынастың маңызы зор. Екі ел басшыларының ерекше қолдауының арқасында екіжақты ынтымақтастық жаңа практикалық мазмұнмен дәйекті түрде толықтырылып келеді», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Өткен жылы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара сауда көлемі $3 млрд-тан асты. Соңғы он жылда Кореяның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестицияларының көлемі шамамен $8 млрд-қа жетті. Бүгінде елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың арасында Hyundai Motor Company, Kia Corporation, Samsung Electronics, Lotte Corporation, Doosan Enerbility және басқа да әлемге танымал компаниялар бар.
Өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны шамамен $4 млрд-ты құрайтын 46 жоба бірлесіп пысықталуда. Отырысқа қатысушылар машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын атап өтті. Сонымен қатар өндірісті локализациялау, технологиялар трансфері және жаңа индустриялық құзыреттерді қалыптастыру мәселелерінің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар достастық байланыстарды одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растады және Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының XI отырысы хаттамасына қол қойды.