Полиметалл кендерін кешенді өңдеу: жоғары сапа, тиімді әдіс

Полиметалл кендерін кешенді өңдеу: жоғары сапа, тиімді әдіс

«Қазақстан Республикасының Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының» ғалымдары Шалқия және Жәйрем кен орындарының байытуға қиын полиметалл кендерін кешенді өңдеудің инновациялық технологиясы бойынша зерттеулер мен тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтардың толық циклін аяқтады.

Әзірлеменің өзектілігі дәстүрлі байыту технологиялары кезінде өңделетін шикізаттың 90–95%-ға дейінгі бөлігі қалдық қоймасына жіберіліп, ал бағалы компоненттердің едәуір бөлігі толық пайдаланылмай қалатындығына байланысты. Жаңа технология минералдық шикізатты пайдалану деңгейін айтарлықтай арттыруға және түзілетін қалдықтар көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.

Әзірлеменің негізінде құрамында кремний мөлшері жоғары қорғасын-мырыш кендерін кен-термиялық пештерде карботермиялық өңдеу технологиясы жатыр. Дәстүрлі қайта өңдеу жүйесінен айырмашылығы, кеннің кремнеземді бөлігі қалдық сақтау орындарына жиналмай, сұранысқа ие металлургиялық өнім – ферроқорытпалар өндіруге пайдаланылады. Сонымен қатар қорғасын мен мырыш газ фазасына ауыстырылып, кейіннен концентрацияланып, бөлініп алынады.

Қуаты 80-нен 630 кВА-ға дейінгі пештерде жүргізілген тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар барысында ФС45, ФС65 және ФС75 маркалы ферросилиций, ферросиликоалюминий, алюмосиликомарганец, сондай-ақ кальций мен магний құрамды жаңа ферроқорытпалар алынды. Өндірілген өнімдер үшін технологиялық регламенттер мен ұйым стандарттары әзірленіп, олардың сапа көрсеткіштері расталды.

Зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі қорғасын-мырыш ұшпаларын қайта өңдеу болды. Ғалымдар жоғары тазалықтағы ЦВ0 маркалы мырышты, магний қосылыстарын, қорғасынның үшнегізді сульфатын және коррозияға төзімділігі жоғары заманауи композициялық электрохимиялық жабындарды алу технологияларын әзірледі. Ұшпа-ұнтақтарды пайдалану қымбат реагенттік мырышты тұтынуды азайтуға және техногендік қалдықтардың түзілуін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі нәтижелерінің бірі іс жүзінде қалдықсыз қайта өңдеу жүйесін жасау болды. Дәстүрлі технологияларда кремний толықтай байыту қалдықтарына кететін болса, жаңа технологияда ол тауарлық өнімге айналдырылады. Сонымен қатар қорғасын мен мырышты концентрленген түрге бөліп алу деңгейі 99%-дан асады.

Жобаны іске асыру кезеңінде 10 технологиялық регламент әзірленіп, Қазақстан Республикасының 10-нан астам патенті алынды, ферроқорытпа өндірістері мен ұшпаларды қайта өңдеу кешендерін жобалауға арналған техникалық тапсырмалар дайындалды.

Алдын ала жүргізілген техникалық-экономикалық есептеулерге сәйкес, технологияны өндіріске енгізу шамамен 21% деңгейіндегі рентабельділікті қамтамасыз етіп, қолданыстағы қайта өңдеу технологияларымен салыстырғанда бірлік шығынға шаққандағы өндірілетін өнімнің құнын екі еседен астам арттыруға мүмкіндік береді.

Әзірленген технология еліміздегі байытуға қиын кен орындарын игеруге, минералдық шикізатты терең өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын өндіріс орындарын құруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Жоба ресурстарды ұтымды пайдалану, ресурсты үнемдейтін технологияларды енгізу және қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайту саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына толық сәйкес келеді.

Полиметалл кендерін кешенді қайта өңдеу отандық ғылымның құнды компоненттерді бөліп алу деңгейін арттыруға, жаңа өнім түрлерін өндіруге және қалдықтардың түзілуін барынша азайтуға мүмкіндік беретін тиімді технологиялық шешімдерді әзірлеудегі әлеуетін айқын көрсетеді.