Ерсайын Нағаспаев Петербург халықаралық экономикалық форумының панельдік сессиясында сөз сөйледі

Ерсайын Нағаспаев Петербург халықаралық экономикалық форумының панельдік сессиясында сөз сөйледі

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев XXIX Петербург  халықаралық экономикалық форумының (ПХЭФ-2026) жұмысына қатысуда.

Форумның «Сирек және стратегиялық минералдар: жерде сирек кездесетін металдар мен аса маңызды минералдар саласындағы дербестік және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында өткен панельдік сессиясын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров ашты.

Ерсайын Нағаспаев өз сөзінде Қазақстанда геологиялық барлау және өндіруден бастап терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жерде сирек кездесетін металдарды игерудің стратегиялық маңызы мен болашағын еліміздің өнеркәсіптік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Мемлекет басшысы айтқандай, ресурстық әлеуеті жоғары Қазақстан үшін бұл – жаңа мүмкіндіктер терезесі. Біздің негізгі мақсатымыз – тау-кен саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және жер қойнауын пайдалану жүйесінің ашық әрі жоғары технологиялық архитектурасын қалыптастыру», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Қазақстан әлемдік нарыққа титан, рений, бериллий, тантал, ниобий, вольфрам және аккумуляторлық марганецті тұрақты түрде жөнелтіп келеді. Бұл өнімдер көптеген салаларда, солардың ішінде әсірісе, аэроғарыш өнеркәсібі, машина жасау, жаңартылатын энергия көздері сынды секторларда үлкен сұранысқа ие.

Ерсайын Нағаспаев сөзін қорытындылай келіп, Қазақстанның ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін жеткізді, шетелдік компанияларды геологиялық барлау және терең өңдеу салаларындағы перспективалы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

ПХЭФ-2026 алаңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бірқатар кездесу өткізді.

Удмурт Республикасының Басшысы Александр Бречаловпен өткен кездесуде өнеркәсіптік өнімдер бойынша өзара сауда көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Металл өңдеу, машина жасау, электр техникасы және мұнай-газ жабдықтарын өндіру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.

Башқұртстан Республикасы Үкіметінің Премьер-министрі Андрей Назаровпен болған кездесуде өңдеу өнеркәсібі секторындағы өзара іс-қимыл және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Ресей Федерациясы Челябі облысының губернаторы Алексей Текслермен өткен кездесуде сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелеріне назар аударылды.

Кездесулер қорытындысы бойынша ынтымақтастықты кеңейту және экономиканың перспективалы салаларындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.