Қарағанды қаласында заманауи перинаталдық орталық салынады

Қарағанды қаласында заманауи перинаталдық орталық салынады

«Мемсараптама» РМК «Қарағанды қаласында заманауи перинаталдық орталық салу» жобасы бойынша оң қорытынды берді.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ, бас жобалаушы – «Астанаинжпроект» ЖШС.

Жобада акушерия, гинекология және неонатология салаларында, оның ішінде жаңа туған нәрестелерге хирургиялық көмек көрсету бойынша медициналық қызметтер ұсынуға арналған медициналық кешеннің құрылысы қарастырылған. Орталықта әйелдер мен балаларға амбулаториялық, консультативтік-диагностикалық және медициналық-оңалту бойынша да көмек көрсетіледі.

Нысан біртұтас ғимаратқа біріктірілген 10 блоктан тұрады. Сондай-ақ жертөле қабаты арқылы негізгі ғимаратпен байланыстырылған екі жеке блок болады. Оның бірінде бактериологиялық зертхана, екіншісінде тағам дайындау блогы орналастырылады.

Перинаталдық орталықтағы төсек-орын саны – 200. Мұның ішінде ана мен бала (100 орын), жүкті әйелдер патологиясы (50 орын), жансақтау палаталары бар неонаталдық хирургия, ауыр халдегі жаңа туған нәрестелер мен арнайы күтімді қажет ететін жаңа туған нәрестелерге арналған бөлімдер болады.

Жобаны іске асыру ана мен балаға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ Қарағанды облысының денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.