ТМК кәсіпорындары жаңа технологиялар енгізу мен өндірісті жаңғыртуға 530 млрд теңгеден астам инвестиция салды – Ерсайын Нағаспаев

ТМК кәсіпорындары жаңа технологиялар енгізу мен өндірісті жаңғыртуға 530 млрд теңгеден астам инвестиция салды – Ерсайын Нағаспаев

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кәсіпорындардағы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелеріне арналған инвестиция көлемін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Тексеру барысында 55 шахта мен кеніш зерттеліп, 8 компанияға тиесілі 10 нысанда персоналды орналастыру және іздеу жүйелерінің жоқ екені анықталды. Ерсайын Нағаспаев аталған компаниялардың өндірістік бағдарламаларын қайта қарау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Бүгінде 3 компаниямен келіссөз жүргізіліп, персоналды позициялау жүйелерін орнатуға инвестиция бөлу туралы келісім жасалды. Қалған 5 компания қажетті техникалық шешімдер мен жабдық жеткізушілерін анықтауда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өндірістерді жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру тұрғысынан баса назар аударуды қажет ететін тау-кен металлургия кешенінің 50 ірі кәсіпорны айқындалды. Аталған кәсіпорындардың қызметін тиімді мониторингтеу үшін техникалық қайта жарақтандыруды бақылау картасы әзірленді. Осы бағдарлама қолға алынған сәттен бастап ТМК кәсіпорындары өндірістерді жаңғырту, техникалық жай-күйін жақсарту және кеңейту бойынша тиісті жұмыстарды жүзеге асырды. Бұған ТМК кәсіпорындары жалпы көлемі 530 млрд теңгеден асатын инвестиция салды», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі ірі металлургиялық кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және адами фактордың әсерін төмендетуге бағытталған заманауи цифрлық мүмкіндіктерді енгізу барысы туралы да айтты.

ERG компаниясының Дон тау-кен байыту комбинаты шахталарында персонал мен көлікті позициялау жүйесі енгізілген. Тәуекелдерді басқару және оқиғаларды талдау үшін бірыңғай AI-платформа құрылуда. Қауіпті аймақтарды бақылау және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін машиналық көру мен бейнеталдау технологиялары қолданылады. Сонымен қатар техниканы қашықтан басқару, карьерлердің орнықтылығын, өрт қауіпсіздігін, желдету және газ ортасын бақылау жүйелері енгізілуде.

«Қазақмыс» корпорациясы Техникалық қайта жарақтандыру және цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында 2031 жылға дейін тау-кен техникасын, желдету жабдықтарын жаңарту және металлургиялық өндірістерді жаңғырту жоспарланған. Бұдан бөлек, персонал мен техниканы позициялау жүйелерін, жерасты радиобайланысын, автоматтандырылған медициналық бақылауды, желдету мен газ ортасын мониторингтеуді, геомеханикалық және сейсмикалық мониторингті, бейнеталдау мен жасанды интеллект негізіндегі мүмкіндіктерді қамтитын өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бірыңғай цифрлық контуры құрылуда.

Qarmet кәсіпорындарында персоналды мониторингтеу және позициялау жүйелері, конвейерлік көліктің автоматтандырылған өрт сөндіру жүйелері жұмыс істейді. Кеніштерде өндірістік цикл цифрландырылған және карьерлер мен өндірістік нысандардың цифрлық модельдерін жасау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады. Байыту фабрикаларында технологиялық үдерістерді басқарудың заманауи жүйелері мен өнеркәсіптік роботтандыру элементтері енгізілуде.

Министр жасанды интеллект пен бейнеаналитика негізіндегі мүмкіндіктер қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Цифрлық технологиялар өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде бақылауға жағдай жасап, тиімділікті арттыруға және тәуекелдерді тыңғылықты басқаруға ықпал етеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өзінің құзыретіне кіретін барлық салаларда аталған тетіктерді қолдану аясын кеңейту және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын кезең-кезеңімен енгізу жұмыстарын жалғастыра береді.