ҚазҚСҒЗИ және «Мемсараптама» делегациясы Қытайда жұмыс сапарымен болды

ҚазҚСҒЗИ және «Мемсараптама» делегациясы Қытайда жұмыс сапарымен болды

2026 жылғы 28-29 мамыр күндері «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ (ҚазҚСҒЗИ) Құрылыстағы баға белгілеу орталығының директоры Арман Хасеннің жетекшілігімен Қазақстан Республикасы делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында «Мемсараптама» РМК қызметкерлері болды.

Іссапар Қытай тарапының шақыруымен ұйымдастырылып, құрылыс саласындағы нормативтік реттеу, сметалық нормалау, мемлекеттік сараптама, инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау және бағалау бағыттарындағы халықаралық тәжірибені зерделеуге, сондай-ақ екі елдің салалық ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайтуға арналды.

Бағдарлама аясында қазақстандық мамандар Қытай Халық Республикасының Тұрғын үй және қалалық-ауылдық құрылыс министрлігіне қарасты Стандарттар мен нормативтер ғылыми-зерттеу институтының (Research Institute of Standards and Norms, RISN), Greetec компаниясының және Beijing Urban Construction Design & Development Group Co., Ltd. (UCD) өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Сапардағы маңызды іс-шараларының бірі Бейжің қаласында RISN алаңында ұйымдастырылған Қазақстан-Қытай тәжірибе алмасу семинары болды. Іс-шара барысында құрылыс саласын нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету, жобалардың құнын қалыптастыру тетіктері, сараптама қызметін жетілдіру, инвестициялық тиімділікті бағалау және қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылды.

Талқылаулардың негізгі бағыттарының бірі қалалық рельсті көлік пен жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйелерін дамытуға арналды. Қытайлық әріптестер мұндай жобаларды іске асыру кезінде қолданылатын инвестициялық бағалау тәсілдерімен, шығындарды басқару құралдарымен және рельсті инфрақұрылым нысандарын салудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Өз кезегінде қазақстандық мамандар құрылыс саласындағы қолданыстағы нормативтік-техникалық базаға және жобалау-сметалық құжаттамаға сараптама жүргізу тәжірибесін таныстырды.

Greetec компаниясының бас кеңсесінде өткен кездесуде құрылыс саласын цифрландыру, жобаларды басқарудың заманауи құралдары және инвестициялық-құрылыс қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған технологиялық шешімдер талқыланды. Сонымен қатар тараптар кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесулер қорытындысы бойынша қатысушылар одан әрі ынтымақтастықты дамытуға, салалық білім мен тәжірибе алмасуды жалғастыруға және Қазақстан мен Қытайдың профильдік ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара қызығушылық танытты.

Жұмыс сапары екі елдің құрылыс саласындағы сарапшылық ұйымдары арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, инфрақұрылымды дамыту мен озық тәжірибелерді енгізу бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге жол ашты.