Семейде «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды

Семейде «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды

Семей қаласында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыру және оны ақпараттық тұрғыда сүйемелдеу мәселелеріне арналған арнайы оқыту-талқылау (воркшоп) жиыны өтті.

Ұлттық жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, коммуналдық желілерді жөндеу және жаңа энергия өндіру көздерін салу қарастырылған. Жобаның негізгі мақсаты — 2029 жылға дейін елдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын кешенді түрде жаңарту.

Кездесу барысында жобаны іске асырудағы ашықтық пен қоғамдық бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар халықты ақпараттандыру тетіктерін, қоғамдық кеңестер және бизнес қауымдастықпен өзара іс-қимылды, сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңіндегі ашықтықты қамтамасыз ету жолдарын талқылады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов ұлттық жоба аясында тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары да жүргізілетінін атап өтті.

— Аталған бағыт бойынша шамамен 1,9 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту

көзделіп отыр. Бұл қаражат 6 мың шақырым су құбыры желілерін, 2,8 мың шақырым кәріз желілерін салу мен реконструкциялауға, сондай-ақ еліміздің 45 қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғыртуға бағытталады, — деді Нұрсұлтан Керемқұлов.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру апаттылық деңгейін

айтарлықтай төмендетуге, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңартуға және энергетика және коммуналдық шаруашылық саласының одан әрі дамуына мүмкіндік береді.

Оқыту-талқылау жиыны қорытындысы бойынша қатысушылар жобаны іске асырудың практикалық мәселелерін талқылап, оның тиімділігі мен ашықтығын арттыруға қатысты ұсыныстар айтып, пікір алмасты.