
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасының жетекшілігімен машина жасау және көлік салаларын дамытуға арналған заң жобасын екінші оқылымда қарау жөнінде кеңес өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков қатысты.
Заң жобасында отандық өндірушілерді қолдау, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа технологияларды енгізу және қазақстандық өнімнің ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар қарастырылған.
Негізгі бастамалардың бірі – мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған өнеркәсіптік кластерлерді дамыту. Бұл өз кезегінде еліміздің әр өңіріндегі кәсіпорындардың өзара ынтымақтастығын нығайтып, өндірістік әлеуетін біріктіруге және қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға жол ашады.
Сонымен қатар заң жобасында арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіруге қатысты нормалар қарастырылған. Ұсынылып отырған өзгерістер жеңілдіктер беру тетіктерінің тиімділігін арттырып, заманауи өндірістерді дамытуға және нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Заң жобасында қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау және қайта өңдеу мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Ұсынылып отырған нормалар өнеркәсіп кәсіпорындарын қайталама шикізатпен қамтамасыз етуге және осы саладағы жұмыстың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, заң жобасында қарастырылған шаралар машина жасау саласының дамуына серпін беріп, инвестиция тартуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Суреттер: Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі баспасөз-қызметі