Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері ЕЭФ панельдік сессияларына қатысты

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері ЕЭФ панельдік сессияларына қатысты

ЕАЭО елдерімен құны 23 млрд доллар болатын 135 жоба жүзеге асырылды.

Астанада өткен «ЕАЭО жаһандық цифрлық жарыста: жасанды интеллектіге басымдық беру» атты V Еуразиялық экономикалық форум аясында өнеркәсіптік даму, кооперация және цифрлық трансформацияның негізгі мәселелеріне арналған бірқатар панельдік сессиялар өтті. Талқылауларға ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері Иран Шархан мен Жәннат Дүбірова қатысты.

«ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік кооперация: бизнес-идеялар және қолдау тетіктері» панельдік сессиясы барысында И. Шархан ЕАЭО серіктестерімен өнеркәсіптік кооперация туралы айтты. Ол Еуразиялық кеңістіктегі өнеркәсіптік кооперация шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге тұрақты түрде көшіп жатқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда ЕАЭО елдерімен шамамен 23 млрд доллар сомасына 135 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 33 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Кооперацияның көшбасшысы машина жасау саласы болып табылады – 41 жоба (жалпы санының 30%). Қалған жобалар тау-кен өндіру саласына (19), құрылыс материалдарын өндіруге (17), металлургияға (12) және химия өнеркәсібіне (7) тиесілі.

Ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 9,9% деңгейінде рекордтық өсім көрсетті. Ең жоғары өсім дайын металл бұйымдарын өндіру саласында (+46,6%), құрылыс материалдары өндірісінде (+27,7%), машина жасауда (+23,3%) және химия өнеркәсібінде (+18,4%) байқалды.

Вице-министр өнеркәсіптің дамуына мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды жүйелі шаралары маңызды рөл атқаратынын атап өтті — салықтық жеңілдіктер мен преференциялардан бастап шығындарды өтеу және жеңілдетілген несиелендіруге дейін, олар бірлескен жобалар үшін де қолжетімді.

Жаңа ЕАЭО қаржылық қолдау тетігінің сәтті мысалы ретінде вице-министр «Kazrost Engineering Ltd» ЖШС-нің Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін құрамдас бөліктерді пайдалана отырып комбайндар шығару жобасын келтірді. Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер (ЖШС «REIMANN», ЖК «TL», ЖШС «TURAN KRAN») Еуразиялық жобалар аясында Одақ серіктестеріне 10 млн доллардан астам сомаға жоғары қайта өңдеу өнімдерін жеткізіп отыр.

Баяндамада технологиялық жаңғыртуға ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы цифрландыру деңгейі 21%-ға жетті. Нақты секторға жасанды интеллект енгізу жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында 11 ірі кәсіпорында 41 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл цифрлық егіздерді енгізу, болжамды диагностика жүйелері мен процестерді автоматтандыруды қамтиды.

И. Шархан Қазақстанның ЕАЭО органдарындағы төрағалығының Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Технологиялық серпіліс» аясында айқындаған басымдықтарын еске салды. Спикер ЕЭК пен серіктес елдерге Қазақстанның бірлесіп әзірленген инновациялық және жасанды интеллект шешімдерін енгізетін кооперациялық жобаларға қосымша балл беру бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірді. Бұл бастама ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапты дамыту жөніндегі Бірлескен мәлімдемеде бекітілген.

«Өнеркәсіптің цифрлық трансформациясының жаһандық үрдістері: ЕАЭО және ЮНИДО тәжірибесі» панельдік сессиясы аясында ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Индустрия 4.0 саласындағы көпжақты жобаларды іске асыру және ЕАЭО кеңістігінде жасанды интеллектті енгізу перспективаларын атап өтті.

«Жасанды интеллект біз үшін тек цифрландыру құралы ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік егемендіктің, технологиялық тәуелсіздіктің және экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізгі факторы болып отыр», – деп атап өтті вице-министр.

Спикер ЕАЭО-да көпжақты жасанды интеллект жобаларын іске асырудың үш стратегиялық бағытын атап өтті: нақты сектордағы интеллектуалдық кооперация, «ақылды» цифрлық платформалар құру және әкімшілік кедергілерді азайту.

Вице-министр технологияларды енгізудің гуманитарлық аспектілеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, автоматтандыру адамды ығыстыру құралы ретінде қабылданбауы тиіс. Керісінше, дұрыс мемлекеттік саясат жағдайында жасанды интеллект қызметкерлерді күнделікті және ауыр еңбектен босатып, өндірістегі қауіпсіздікті арттырады және инженерия мен деректерді басқару салаларында жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындарын құрады.

Сөзін қорытындылай келе, Ж. Дүбірова ЕАЭО елдерін киберқауіпсіздік, деректерді қорғау және жасанды интеллект этикасы мәселелерінде тығыз үйлестіруге шақырды. Ол Одақтың келесі даму кезеңі технологиялық интеграция кезеңі болатынына сенім білдірді, ал оның тиімділігі өңірдің жаңа әлемдік өнеркәсіптік архитектурадағы орнын айқындайтынын атап өтті.