Қарағанды қаласында техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмағұл Нұғұжиновтың 70 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды басқосуға Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Беларусь, АҚШ және өзге де елдерден келген ғалымдар, инженерлер, сарапшылар мен құрылыс саласының өкілдері қатысты.
Конференция барысында құрылыс индустриясын цифрландыру, BIM-модельдеу технологияларын енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, цифрлық егіздер жүйесін дамыту, сейсмотұрақты құрылыс пен заманауи инженерлік шешімдерді қолдану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе алмасу мен ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытындағы ұсыныстар қарастырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қатысып, құрылыс саласын цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Пленарлық отырысқа Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тікелей мықты ғылымға, заманауи технологияларға және жаңа буын инженер кадрларын даярлауға байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Осындай кездесулер біздің ғылымның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және жобалаудың жаңа әдістері кеңінен енгізілуде, — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық алаңдар ғылым, білім беру және құрылыс тәжірибесін өзара ұштастырып, жаңа буын мамандарын даярлауға, сондай-ақ саланың дамуына серпін беретін заманауи инженерлік шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.