
2026 жылғы 28–29 мамырда Астана қаласында интеграция, өнеркәсіптік кооперация және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңдардың бірі – V Еуразиялық экономикалық форум өтеді.
Форум дәстүрлі түрде мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар ортасының өкілдерін біріктіріп, экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді дамытуға бағытталған ортақ тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.
V Еуразиялық экономикалық форумның негізгі тақырыбы – «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектке басымдық». Іс-шара тақырыбы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық «бестік» мемлекеттері басшыларына жолдаған үндеуінде айқындалған Қазақстан Республикасының ЕАЭО-ға төрағалығының басымдықтарын көрсетіп, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің рөліне баса мән береді.
Іскерлік бағдарлама аясында 2026 жылғы 28 мамырда өнеркәсіпті дамыту перспективалары мен цифрлық трансформация мәселелеріне арналған бірқатар тақырыптық панельдік сессиялар өткізу жоспарланған. Соның ішінде негізгі іс-шаралардың бірі – «ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік кооперация: бизнес-идеялар және қолдау тетіктері» панельдік сессиясы. Оның барысында қатысушылар мүше мемлекеттердің индустриялық кешендерін дамытудың стратегиялық бағыттарын, кооперация саласындағы бизнес-бастамаларды, сондай-ақ ЕАЭО шеңберіндегі бірлескен өнеркәсіптік жобаларды қолдау тетіктерін талқылайды.
Сонымен қатар, «Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялаудың жаһандық үрдістері: ЕАЭО және ЮНИДО тәжірибесі» панельдік сессиясында өнеркәсіп секторына озық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Талқылау Еуразиялық экономикалық комиссия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияны іске асыру аясында өтіп, жасанды интеллект технологияларын қолдану, өнеркәсіптік роботтандыру, сондай-ақ өнеркәсіпті цифрлық жаңғыртудың халықаралық тәжірибелерін қамтиды.