Астанада ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында отандық өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды

Астанада ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында отандық өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды

Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында өндірісті дамыту және отандық өнім үлесін арттыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, табиғи монополия субъектілері, салалық ұйымдар мен қазақстандық өндіріс орындарының өкілдері қатысты.

Семинардың салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков құттықтау сөз сөйледі. Ол сөзінде ЭКСЖ ұлттық жобасы Үкімет тарапынан тек инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы ретінде ғана емес, сонымен қатар отандық өндірісті дамытуға және энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары үшін орнықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыруға бағытталған маңызды тетік ретінде қарастырылатынын атап өтті.

«ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру аясында отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қажетті тетіктері қалыптастырылды. Біз қазақстандық бизнестің жаңғырту жобаларына белсенді қатысып, жергіліктендіру деңгейін, өнім сапасы мен технологиялық құзыреттерін одан әрі арттырады деп сенеміз», деді вице-министр.

Сондай-ақ ол ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – ел ішіндегі құндылықты дамыту және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау екенін айтты. Олжас Сапарбековтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, химия және мұнай-газ химиясы салаларында сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейтін елеулі өндірістік әлеует қалыптасқан.

Вице-министрдің айтуынша, МЭКС ұлттық жобасы аясында жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 2700-ден астам тауар түріне сұраныс қалыптасады деп күтілуде.

Семинар барысында ұлттық жобаныңнормативтік және институционалдық базасы отандық өндірушілерді қолдау басымдығына негізделіп құрылғаны атап өтілді. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындардың ЭКСЖжобаларына қатысуын кеңейту мақсатында сатып алу тетіктері, офтейк-келісімшарттар және жобаларды цифрлық сүйемелдеу құралдары қарастырылған.

Семинар аясында қатысушылар отандық өнімді жобалық-сметалық құжаттамаға енгізу, стандарттау, өндірістік кооперацияны дамыту, тариф қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің аталған жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту тетіктерін талқылады.

Іс-шара бағдарламасына жаңа өндірістерді жергіліктендіру, өндірушілерге қойылатын талаптар, стандарттарды енгізу және ел ішіндегі өндірістік кооперацияны дамыту мәселелеріне арналған бірнеше тақырыптық пікірталас алаңдары енгізілді. Сонымен қатар өндірістік тапшылық картасын қалыптастыру, заманауи технологияларды енгізу және зертханалық сапа бақылау жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іскерлік бағдарламадан бөлек, семинар алаңында қазақстандық өндірушілер өнімдерінің көрме аймағы және ЭКСЖ жобалары бойынша тікелей келіссөздер, консультациялар мен өтінімдерді талқылауға арналған B2B алаңы жұмыс істеді.

Іс-шара аясында нарық қатысушылары арасында бірлескен қызмет және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою жоспарланып отыр

Ұйымдастырушылар мұндай салалық алаңдар мемлекет, бизнес және салалық ұйымдар арасындағы сындарлы диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстандағы жергіліктендіру деңгейі мен өнеркәсіптік кооперацияны арттыруға ықпал ететінін атап өтті.