Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік технологиялық конгломераты EDGE Group компаниясының аға вице-президенті Ахмед Әл Хуримен кездесті.
Кездесу барысында өңдеу секторындағы өзара іс-қимыл мәселелері және Қазақстанда бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
"Кейінгі жылдары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ынтымақтастығы көптеген бағыттар – экономика мен инвестициялардан бастап энергетика, көлік, цифрлық технологиялар мен инновацияларға дейінгі салалар бойынша кеңейді. Жаңа жоғары технологиялық жобаларды іске асыру біздің стратегиялық әріптестігімізді одан әрі нығайтады", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Араб конгломераты қорғаныс өнеркәсібі, киберқауіпсіздік, ұшқышсыз жүйелер, электроника, жасанды интеллект технологиялары, робототехника және т.б. салаларда озық технологиялар мен инновациялық әзірлемелер ұсынуға маманданған ондаған кәсіпорынды біріктіреді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді әріптестік байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.