Қазақстанда күрделі кендерден алтын алудың инновациялық технологиясы әзірленді

Қазақстанда күрделі кендерден алтын алудың инновациялық технологиясы әзірленді

Еліміздің ғалымдары қиын байытылатын кендерден алтынды тиімді түрде бөліп алуға және шикізатты өңдеу шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технология ұсынды. Бұл әзірлеме зертханалық сынақтардан сәтті өтіп, өндіріске енгізуге перспективалы шешім ретінде қарастырылуда.

Жоба ҚР «Ұлттық минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу орталығы» РМК филиалы – «Қазмеханобр» өнеркәсіптік экология мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігінің мамандары тарапынан жүзеге асырылды. Жобаны ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, асыл металдар зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Бауыржан Сүрімбаев басқарды. Зерттеу AP19677446 гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында атқарылды.

Бұл әзірлеме қазіргі алтын өндіру саласындағы басты мәселелердің бірі – бай кен орындарының сарқылуы және құрамында металы аз, күрделі кендердің үлесінің артуына байланысты жасалды. Дәстүрлі өңдеу әдістері алтынды жоғары деңгейде бөліп алуды әрдайым қамтамасыз ете бермейді әрі қымбат реагенттер мен технологиялық режімдерді қатаң сақтауды талап етеді.

Қазақстандық зерттеушілер алтын құрамды тотыққан және сульфидті кендерге арналған екі инновациялық технологиялық тәсіл ұсынды.

Тотыққан кендер үшін үймелі шаймалау алдында сутегі асқын тотығымен алдын ала өңдеу және натрий ацетатын қосу технологиясы әзірленді. Бұл алтынды бөліп алу көрсеткішін 7%-ға дейін, ал реагенттерді бірге қолданғанда 10-14%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Сульфидті кендер үшін ғалымдар бай гравитациялық концентрат алу және оны қарқынды циандау әдісімен кейінгі өңдеу тәсілін енгізді. Натрий ацетатын пайдалану алтынды бөліп алу деңгейін қосымша 4%-ға арттырып, қайта өңдеу қалдықтарындағы бағалы металдың мөлшерін азайтты. Сонымен қатар, натрий ацетаты қымбат реагенттерге ішінара балама ретінде қарастырылып, технологияны экономикалық жағынан тиімдірек етеді.

Әзірлеушілердің айтуынша, әртүрлі минералдық шикізат түрлеріне бейімделетін және отандық ресурстарды тереңірек өңдеуге мүмкіндік беретін бұл кешенді тәсілдің маңызы зор.

Жобаның жоғары ғылыми деңгейі халықаралық ауқымда да мойындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша 6 ғылыми еңбек, оның ішінде 2 монография және Scopus пен Web of Science базаларында индекстелетін Q1 және Q2 санатындағы халықаралық ғылыми журналдарда 4 мақала жарияланған. Олардың қатарында Mineral Processing and Extractive Metallurgy Review (Taylor & Francis), Mining, Metallurgy & Exploration (Springer Nature) және Heliyon (Elsevier) журналдары бар.

Жоба аясында ғылыми кадрларды даярлау жұмыстары да жүргізілуде: осы тақырып бойынша бір PhD докторанты диссертация қорғауға дайындалуда.

Алдағы уақытта әзірлеушілер технологияны өнеркәсіптік сынақтан өткізіп, алтын құрамды кендерді өңдеудің тиімділігін арттыру үшін жаңа реагенттік шешімдерді іздестіруді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Қазақстандық ғалымдардың бұл әзірлемесі минералдық ресурстарды терең әрі экономикалық тиімді өңдеуге, бағалы металдарды көбірек алуға және отандық тау-кен металлургия ғылымын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.