
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев FLSmidth & Co. A/S (Дания) компаниясының бас директоры Тони Лааксоненмен тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Кездесу барысында FLSmidth компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту және Қарағанды қаласында сервистік орталықты дамыту жобасы шеңберінде локализациялау деңгейін арттыру жоспарларына баса назар аударылды. Әлемнің 150-ден астам елінде жұмыс істейтін бұл ірі инжинирингтік компания пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуге арналған кешенді технологиялық шешімдер, жабдықтар және сервистік қызметтер ұсынуға маманданған. Қазақстанда аталған компания бірқатар ірі тау-кен металлургиясы кәсіпорындарымен серіктестік орнатқан, олардың ішінде KAZ Minerals та бар.
Қарағандыдағы сервистік орталық тау-кен металлургиясы кешені кәсіпорындарына арналған жабдық бөлшектерін өндіру және қалпына келтіру, сондай-ақ инженерлік-техникалық қолдау көрсету бағытында кең ауқымда қызмет көрсетеді. Нысанның қуатын арттыруға шамамен 15 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен өнеркәсібі саласын дамыту үшін заманауи өндірістік және сервистік инфрақұрылым қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз FLSmidth компаниясымен ынтымақтастыққа және елімізде жаңа технологиялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Бұл сервистік орталық сервистік қызметтерді локализациялау деңгейін және техникалық құзыреттерді арттыруға ықпал етеді деп есептейміз», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Өз кезегінде FLSmidth компаниясының бас директоры Тони Лааксонен Қазақстан компания үшін Орталық Азиядағы маңызды нарықтардың бірі екенін атап өтіп, біздің кәсіпорындарымызбен серіктестікті одан әрі кеңейтуге қызығушылық танытты.