Министрлікте «Әйел құқығы және сталкинг, жұмыстағы харассмент мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында ведомствоаралық ғылыми-практикалық семинар өткізілді

Министрлікте «Әйел құқығы және сталкинг, жұмыстағы харассмент мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында  ведомствоаралық ғылыми-практикалық семинар өткізілді

2026 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің бірлесуімен «Әйел құқығы және сталкинг, жұмыстағы харассмент мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында Халықаралық отбасы күніне орай ведомствоаралық ғылыми-практикалық семинар өткізілді.

Іс-шараға спикерлер және сарапшылар ретінде:
— Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Астана қаласы Полиция департаменті Есіл ауданы Полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы, полиция майоры Жанабіл Салтанат Серікжанқызы;
— Астана қаласы Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Ыбрайбекова Индира Айхынқызы;
— «Қорғау» дағдарыс орталығының психологі Дроздецкая Кристина Викторовна қатысты.

Семинар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, харассментке, сталкингке және кемсітушілікке қарсы іс-қимылдың құқықтық, психологиялық және әлеуметтік аспектілері отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен еңбек қатынастары аясында жан-жақты қарастырылды.

Сарапшылар құқыққа қайшы әрекеттерді саралау, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктері, дәлелдемелерді тіркеу тәртібі және уәкілетті органдарға жүгіну алгоритмдері бойынша түсіндірмелер берді.

Семинарда сталкинг ұғымына ерекше назар аударылып, оның жүйелі қудалау, бақылау, аңду, қорқыту, адамның еркінен тыс байланыс орнату және киберқудалау түрінде көрініс табатын, жәбірленушінің жеке қауіпсіздігіне қатысты негізді қорқыныш тудыратын құқыққа қайшы әрекет екендігі түсіндірілді.

Құқықтық блок аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі нормаларына салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізілді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін, оның ішінде қорлау, кемсіту, агрессивті мінез-құлық және қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ өзге де әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық көздейтіні түсіндірілді.

Сонымен қатар келесі қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарының айырмашылықтары жан-жақты түсіндірілді:
— ҚР ҚК-нің 108-1-бабы — денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру;

— ҚР ҚК-нің 109-1-бабы — қинау;
— ҚР ҚК-нің 107-бабы — денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру;
— ҚР ҚК-нің 106-бабы — денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру.

Сарапшылар аталған құрамдарды ажыратудың негізгі критерийлері ретінде денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін, денсаулықтың бұзылу ұзақтығын және жәбірленуші үшін туындаған салдарды түсіндірді.

Семинар қатысушыларына аудио-, бейне- және цифрлық дәлелдемелерді тіркеу тәртібі, медициналық куәландырудан өту, «102» арнасы арқылы ішкі істер органдарына жүгіну, сондай-ақ психологиялық және дағдарыстық көмек алу тетіктері бойынша практикалық ұсынымдар берілді.

Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен харассментке қарсы іс-қимыл тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз етудің, адам қадір-қасиетін қорғаудың және мемлекеттік аппараттағы заңдылық қағидаттарын нығайтудың маңызды элементі екені атап өтілді.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар қоғамдағы кез келген зорлық-зомбылық пен кемсітушілік түрлеріне төзбеушілік танытуға, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген құқықтық мемлекетті бірлесіп нығайтуға шақырылды.