Министрлікте темекі шегу мен алкоголь тұтынудың алдын алу мәселелері бойынша семинар өтті

Министрлікте темекі шегу мен алкоголь тұтынудың алдын алу мәселелері бойынша семинар өтті

2026 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мамандары –  Шынар Абдрахманова мен Наталья Сүлейманованың қатысуымен темекі шегу мен алкоголь тұтынудың алдын алу мәселелері бойынша семинар өтті.

Семинар барысында қатысушыларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзекті деректері мен ұлттық статистика таныстырылып, қоғамдық денсаулықты қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қолданыстағы шаралары түсіндірілді.

Темекі мен алкогольдің адам денсаулығына, еңбек тәртібіне, шешім қабылдау сапасына және мемлекеттік қызметтегі беделдік тәуекелдерге әсеріне ерекше назар аударылды.

ДДCҰ деректеріне сәйкес, жыл сайын әлемде темекі тұтынудың салдарынан 8 миллионнан астам адам қайтыс болады, оның ішінде 1,3 миллионы – темекі түтінінің жанама әсерінен. Сонымен қатар, темекі түтінінің құрамында 7000-нан астам химиялық зат бар, олардың кемінде 250-і улы немесе канцерогенді болып табылады.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Қазақстанда соңғы бес жылда темекі шегу деңгейі 21,9%-дан 17,5%-ға дейін төмендегені атап өтілді. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап елде вейптердің айналымына толық тыйым енгізілді.

Семинар қатысушыларына салауатты өмір салтын қалыптастыру, күйзеліске төзімділікті дамыту және мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған корпоративтік мәдениетті нығайту бойынша практикалық ұсынымдар берілді.

Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің хабардарлығын арттыруға, салауатты өмір салты мәдениетін нығайтуға және денсаулық пен кәсіби қызметке кері әсер ететін қауіп факторларының алдын алуға бағытталған.